Ұшақтың апатты жағдайда қонуына қатысты іс қозғалды

Ұшақ.

Алматы әуежайында SCAT әуе компаниясы ұшағының апатты жағдайда қонуына байланысты қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды ішкі істер министрлігі көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

7-ақпанда DV №766 рейсімен Тараздан Алматыға ұшып келген компанияға тиесілі Ан-24РВ ұшағы әуежайға қонарда ұшып қонатын алаңнан басқа жерге апатты жағдайда қонған еді. Қонған соң да ұшақ 500 метрден астам метр жерге дейін жүріп барып тоқтаған. Ұшақта барлығы 20 адам болған.

Іс қылмыстық кодекстің 295 бабы бойынша ("ауыр салдарларға әкеп соғу қаупін туғызатын әуе көлігін пайдалану мен қозғалту қауіпсіздігі ережесін бұзу") қозғалған. Қазір оқиғаның мән-жайын тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

29 қаңтарда Алматы маңындағы Қызылту ауылының түбінде компанияның Көкшетау-Алматы бағытында ұшып келе жатқан рейсі құлап, борттағы 21 адам түгел мерт болған еді.