18 – 22 ақпан 2013 жыл
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі «өз еркімен» қызметінен кетіп, оның орнына жаңа мүфти болып Ержан Маямеров (суретте) сайланды. 40 жастағы Ержан Маямеров Египеттің Әл-Азһар ислам университетін тәмәмдаған. Сол елде 15 жыл бойы діни білімін жалғастырып, 2011 жылы ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкіл имамы болып тағайындалған.
18 ақпанда Түркіменстанның «мемлекеттік шекарасын заңсыз бұзғаны үшін» ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылған Қазақстанның жеті азаматы Түркіменстан байрағы күніне қатысты рақымшылыққа ілініп, босап шықты. Былтыр қазанның 19-ы күні Түркіменстанда жеті қазақстандық ұсталған болатын. Олардың төртеуі Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясының қызметкерлері болып шыққан еді. Суретте: Орынбасар Құзбеков, Түркіменстанда сотталған Қазақстан азаматы. Сурет Lada.kz сайтынан алынды.
Ақпанның 19-ы күні жасөспірімдер ісі жөніндегі Ақтөбе қалалық соты «лаңкестікті насихаттады» деген айыппен 17 жастағы Саламат Ахетті 3 жылға, 18 жастағы Арслан Жақаев пен 19 жасар Нұрсұлтан Теңізбаевты 5 жылға бас бостандығынан айырды. Суретте: Сотталған Нұрсұлтан Теңізбаевтың туысы Кенжеғали Теңізбаев сот үкімін естіген сәт. Ақтөбе, 19 ақпан 2013 жыл.
Тергеу кезінде бұл азаматтарға «арақ шишасының сыртына Алланың атын жазған» Ақтөбедегі «Геом» ішімдік өндіруші компаниясының ғимаратын жарып жібермек болды» деген айып тағылған болатын. Суретте: Сотталған Саламат Ахеттің әкесі Амандық Ахетов үкімге наразы екенін айтып тұр. Ақтөбе, 19 ақпан 2013 жыл.
Ақпанның 20-сы Алматыдағы бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің алдына жиналған ондаған әйел бала тууға байланысты бір жолғы төлемдердің жалақы мөлшеріне қарай қысқаруына наразылық білдірді. Бұрын айлығы 10 айлық есептік көрсеткіштен (1 АЕК - 1 мың 618 теңге) асатын әйелдер жүктілік пен бала тууға байланысты бір реттік төлемді миллион теңгеден артық (6 мың 600 доллардан астам) етіп алып келсе, енді Әлеуметтік сақтандыру заңына енгілген өзгерістерге сәйкес оларға әлеуметтік сақтандыру қорынан 783 мың теңге (шамамен 5 мың 200 доллар) ғана төленеді. Суретте: Әйелдердің еңбек және әлеуметтік қорғау министріне жіберген сәлемдемесі. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.
Ақпанның 20-сы Қарағандының Қазыбек би аудандық сотының судьясы Зухра Тілеубергенова «Бесоба» тұрғын үй кешенін қабылдап алған екі шенеунікті - Сергей Грибенщиков пен Татьяна Гукке «Ауыр зардаптарға әкеліп соқтырған қызметтік өкілдіктерін теріс пайдалану» және «cалақтық» деген айыптар таққанымен, рақымшылық заңына сәйкес оларды сот залынан босатып жіберді. Көрнекі суретте: «Бесоба» кешеніндегі құлаған үйдің қирандысына қарап тұрған адамдар. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл. Көрнекі сурет
Мұның алдында, биылғы қаңтарда, Қарағанды облысы прокуратурасының хабарлауынша, құлаған «Бесоба» тұрғын үй кешенін жобалағандар мен салғандар ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қатысты жарияланған рақымшылыққа ілініп, қылмыстық іс тоқтатылған болатын. Суретте: Құлап қалған «Бесоба» кешеніндегі үйдің тұрғындары наразылық танытып тұр. Қарағанды, 24 шілде 2012 жыл.