Венесуэла президенті Уго Чавес қайтыс болды

Венесуэла президенті Уго Чавес ауруханада екі қызымен бірге. Гавана, Куба, 15 ақпан 2013 жыл.

Уго Чавес 58 жасында қатерлі ісік ауруынан опат болды.

Оның өлімі туралы Венесуэла ұлттық телеарнасынан вице-президент Николас Мадуро хабарлады. Ол "Чавес қатыгез сырқатпен екі жыл күресіп, қайтыс болды" деп мәлімдеді.

Чавестің жамбас қуысынан қатерлі дерт 2001 жылдың ортасында табылған еді. Сырқатын емдеу үшін оған төрт рет операция жасалған. Кубада өткен жылдың желтоқсанында жасалған соңғы операциядан соң ол көпшілік алдына шықпай кеткен.

Бұрынғы армия генералы Уго Чавес 1999 жылы билікке келіп, елді 14 жыл басқарды. Өзін 19 ғасырда Латын Америкасының тәуелсіздігі үшін күрескен Симон Боливар кейпінде көрсеткісі келген Уго Чавес Венесуэланы социалистік елге айналдырғысы келді. Бірақ мұнайға бай венесуэлалықтар әлі де кедей тұрады. Оңтүстік Американың дамушы басқа елдері сияқты емес, Венесуэлада азық-түлік тапшылығы, жұмыссыздық сияқты проблемалар жойылмаған.

Президенттік қызметі жылдары Чавес өнеркәсіпті, оның ішінде қарыштап дамып келе жатқан мұнай саласын мемлекет меншігіне қайтару арқылы елдің саяси билігі мен экономикасын қолына алды. Бірақ ол Венесуэланы өзінің "Боливар революциясы" деп аталған реформасымен социалистік елге айналдыру арқылы дәстүрлі элита мен орта тапты маргиналдандырып жіберді.

1975 жылы әскерге алынған ол элиталық десанттық бөлімшенің командирі дәрежесіне дейін өсті. Армияда жүріп ол басқа да офицерлермен бірге Венесуэла халықтық азат ету армиясын құруға астыртын атсалысып, марксшіл оппозиция жетекшілерімен кездесе бастады. Кейін ол "Боливар" революциялық қозғалысын құрды.

1992 жылы Чавес әскери төңкеріс жасауға талпынып, сәтсіздікке ұшыраған соң екі жыл түрмеде отырды. Түрмеден шыққаннан кейін ол солшыл партия құрып, 1998 жылы президент сайлауында жеңіске жетті. Сайлауалды кампаниясында Чавес дәстүрлі саяси элитаны жайлаған коррупциямен күресті ұран етіп ұстады.

Президент қызметіне кіріскен соң Уго Чавес конституцияға түзету енгізіп, президенттік құзыретін күшейтті. Референдум өткізіп, мемлекеттің атауын Венесуэла Боливар республикасы деп өзгертті.

Билік еткен жылдары ол Ливияның бұрынғы президенті Муаммар Каддафимен, Ресей президенті Владимир Путинмен одақтасты. Латын Америкасының солшыл жетекшілерінің басын қосып, Оңтүстік Америка елдерінің одағын құруға, аймақтық банк құруға тырысты.

Оның тұсында Венесуэла мен АҚШ-тың қарым-қатынасы шиенелісе түсті. Чавес АҚШ-тың Ирактағы соғысына қарсы шығып, 2006 жылы БҰҰ жиынында экс-президент Джордж Бушты "сайтан" деп атады.

Уго Чавес 2006 жылы екінші мерзімге, 2012 жылы желтоқсанда үшінші рет қайта сайланды.

Венесуэла заңдарына сәйкес, жаңа сайлау 30 күн ішінде өтуі тиіс.

Уго Чавестің артында әйелі, бес баласы қалды.