"Правда Казахстана" интернетте жариялануы мүмкін

"Правда Казахстана" газетінің редакторы Шәріп Құрақбай.

Сот қаулысымен жұмысы 3 айға тоқтатылған "Правда Казахстана" басылымы енді интернетте жариялана бастауы мүмкін деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

Бүгін Алматыда өткен баспасөз жиынында "Журналистер қауіп-қатерде" қорының директоры Розлана Таукинаның айтуынша, сот қаулысында басылымның интернет бетінде жарыққа шығуына тыйым салынбаған.

Бірақ газеттің өзінің жеке веб-сайты жоқ болғандықтан оның интернеттегі нұсқасын шығару қиын болып отыр. "Правда Казахстана" басылымының редакторы Шәріп Құрақбайдың сөзіне қарағанда, басылымның иесі - Қазақстан коммунистік партиясының сайты партия қызметі тоқтатылған кезде жабылып қалған.

21 ақпанда Алматының әкімшілік соты жарияланым мерзімін бұзды деген айыппен газеттің жарыққа шығуын үш айға тоқтатып, басылым иесі Қазақстан коммунистік партиясына 150 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 1731 теңге) мөлшерінде айыппұл салған.

Қазақстан коммунистік партиясының хатшысы Ғазиз Алдамжаров бұған дейін 2012 жылдың қазан айының соңы мен 2013 жылдың 19 ақпанына дейін қаржы мәселесіне байланысты газеттің бес нөмірі жарыққа шықпай қалғанын айтқан еді.