Берлин қабырғасының бір бөлігі бұзылды

Берлин қабырғасы маңында наразылық танытып тұрғандар. Берлин, 1 наурыз 2013 жыл.

Берлин қабырғасының "Шығыс жақ галереясы" деп аталатын аумағының төрт бөлігі бұзылды. Жұмысшылар қабырғаны бұзуға қарсы бір апта бойы өткен наразылық шараларына қарамастан 250-ге тарта полицияның қолдауымен бұзды. Галереяның әрқайсысы бір метр болатын төрт бөлігі қиратылды. Бұзылған аумақта жоғары санаттағы тұрғын үйлер салынбақ.

Қабырғаны бұзып, тұрғын үй салу жоспарына берлиндіктер қарсы шығып, жоба авторларын "пайда қуып, тарихи орындарды қиратады" деп айыптаған.

"Шығыс жақ галереясы" - Берлинді 1961 жылдан 1989 жылға дейін екіге бөліп тұрған қабырғаның осы күнге дейін сақталып қалған ең ұзын бөлігі. Мұнда социалистік Шығыс Германия жағынан қабырғаны кесіп өтіп, Батыс Германияға кетіп қалуға тырысқан 136 адам атылып өлген еді.

Ашық аспан астындағы галереяға бола 1990 жылдары Берлинге туристер жиі келетін. Сол жылдары қабырғаны шетелдік суретшілер граффитимен әрлеген.