Иранда жер сілкінісінен 37 адам мерт болды

Жер сілкінісінен қираған үйлер. Бушер провинциясы, Иран, 9 сәуір 2013 жыл.

Иранның оңтүстік-батысында сейсенбіде күшті жер сілкінісі болды. Жергілікті ақпарат құралдары зілзаладан 37 адам құрбан болып, 850 адам жараланғанын хабарлап жатыр.

АҚШ геологиялық қызметінің дерегі бойынша, жер сілкінісінің магнитудасы 6,3 балл болған. Зілзаланың ошағы - Иранның атом электр станциясы (АЭС) орналасқан Бушерден 89 километр жерде.

Ал Бушердегі сейсмологиялық орталық жер сілкінісінің қуаты 6,1 балл болғанын айтады. Бушер провинциясының губернаторы Ферейдун Хассанванд АЭС-ке зақым келмегенін мәлімдеді.

Жер сілкінісі болған аймақта 10 мыңға тарта адам тұрады. Мұндағы үйлердің көпшілігі топырақтан салынғандықтан жер сілкінісіне шыдас бермейді.

Қызыл Жарты ай қоғамының Ирандағы өкілдігі аймаққа бүгін құтқару отрядын жіберетіндерін хабарлады.

Иран үкіметі елде үш күндік қаралы күн жариялады.