Обама: АҚШ өзі мен одақтастарын Пхеньян қаупінен қорғайды

АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунмен (сол жақта) кездесіп отыр. Вашингтон, 11 сәуір 2013 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Вашингтонның Солтүстік Кореямен арадағы шиеленісті шешуге дипломатияны қолданатынын, бірақ Құрама Штаттар өзін және одақтастарын қорғауға қамданып отыратынын мәлімдеді.

Обама мұны бейсенбіде БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунмен Солтүстік Корея мәселесіне қатысты кездескен соң айтты. Пан Ги Мун мұның алдында Солтүстік Кореяға ықпал ете алатын Қытай мен басқа да елдер басшыларын Пхеньянды иліктіруге шақырған еді.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын бұған дейін "Пхеньян Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың әскери нысандарына қарсы зымырандарын бағыттап қойды" деп мәлімдеген.

Бірақ АҚШ әскери барлау агенттігі Пхеньян ядролық зымырандарын ұшыруға дайындап қойғанымен, оны қолданбайды деген тұжырым жасаған.