Депутат "Сирияға соғысқа кеткен" қырғыз жастарын айтты

Қырғыз парламентінің депутаты Дастанбек Жұмабеков "қырғыз жастары Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысатын жалдамалы ретінде тартылып жатыр" деген хабарларды тексеруді талап етті.

Парламенттің сәрсенбідегі отырысында сөйлеген "Ата Жұрт" фракциясының депутаты Дастанбек Жұмабеков бұл ақпаратты Ош облысының Араван және басқа да аудандарының тұрғындарынан естігенін айтты. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті мешіттерден Түркия территориясы арқылы 15 жігіт Сирияға аттандырылған. Жұмабеков бір депутат пен жастардың ата-аналары жағдайға көз жеткізу үшін Түркияға кеткенін айтты.

Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссия өкілі Маметбек Мырзабаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне "өткен айда Баткен облысындағы Кызыл-Қия қаласының сегіз тұрғыны Сирияда соғысуға кеткенін" хабарлады. Олардың ішіндегі ең жасы - 18-де.