Дағыстан президентін енді парламент сайлайды

Дағыстан президенті Рамазан Абдулатипов.

Дағыстан парламенті республика президентін халық емес, парламенттің сайлауын қолдады. Бейсенбіде 74 депутат президентті сайлау құқын парламентке беруді қолдап дауыс берді. 9 депутат оған қарсы болып, үш депутат қалыс қалды.

Дағыстанның қазіргі президенті Рамазан Абдулатиповты қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин тағайындаған еді.

Путин осы айдың басында Ресей құрамындағы республикалардың парламенттеріне өз президенттерін сайлауына рұқсат ететін заңға қол қойған.

Солтүстік Кавказ аймағындағы тағы бір республика - Ингушетияда да парламент 20 сәуірде президентті я халық, я парламент арқылы сайлау мәселесін дауысқа салмақ. Парламент отырыста сайлауға қатысты басқа да мәселелерді талқылайды.

Ингушетияда президент сайлауы алдағы қыркүйекте өтпек.