15 – 19 сәуір 2013 жыл

Сәуірдің 17-сінде парламент мәжілісі «Қазақстан республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжатта әйелдердің зейнетке шығу жасын 2014 жылдан бастап 10 жыл ішінде жылына жарты жылға ұлғайтып, қазіргі 58 жастан 63 жасқа дейін жеткізу қарастырылған. Көрнекі сурет: Парламент мәжілісі. Астана.

Бұған қоса жобада «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының» негізінде біртұтас жинақтаушы зейнетақы қорын құру да қарастырылған. Біртұтас қордың құрушысы мен акционері үкімет болады. Оның зейнетақы активтеріне ұлттық банк басшылық жасайды. Көрнекі суретте: Зейнеткерлер жол жүру билетіне кезекте тұр. Астана, 13 сәуір 2013 жыл.

Қазақстан азаматтығын әр жылы түрлі себеппен алған 800 оралман қазақ Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдоржыдан елге қайта қабылдауды сұраған. Олардың кейбірі «Қазақстандағы алаяқтық құрбандарымыз» дейді. Суретте: Баян-Өлгий аймағының құрылғанына 70 жыл толуына арналған мерекелік шара. Моңғолия, 24 шілде 2010 жыл.

Моңғолия азаматтығын қайта алуға өтініш берген адамдар көбейген соң, 2012 жылы қаңтарда Баян-Өлгий аймақтық әкімдігінің ұсынысымен жұмыс тобы құрылған. Топ 2012 жылдың қаңтарынан бастап үш ай жұмыс істеп, Қазақстан азаматтығын алған, бірақ Моңғолияда тұратын 307 адамды анықтаған. Көрнекі сурет: Қазақстанға келген оралман Дархан Бадауұлының отбасы.

Ақтөбеліктер арасында «сауап жарыс» деген ұғым пайда болды. Діндар бір топ жігіт қала іргесіндегі Ақшат ауылында мұқтаж мұсылмандарға арнап үй салып жатыр. Суретте: Жұмысшылар тобы мұқтаж мұсылмандарға арналған төрт пәтерлік үйдің қабырғасын көтеріп жатыр. Ақшат ауылы, 14 сәуір 2013 жыл.

«Мұқтаж мұсылмандардың барлығына бірдей жағдай жасай алмай отырғанымыз рас, Өйткені соңғы жылдары біреу емес, екеу емес, 300-ден астам мұсылман жігіт сотталып кетті. Олардың әрқайсысының артында ата-анасы, бала-шағасы бар. Қазір мұсылмандар құқығы кез-келген жерде бұзылып жатыр. Дінге бет бұрған 5 жыл аралығында өзімнің де көрмеген құқайым жоқ, біз «аһли сунна уәл жамағаттанбыз» деді Ақшатта үй салып жатқан жігіттердің бірі Асланбек Меркашев. Ақшат ауылы, 14 сәуір 2013 жыл.

Сәуірдің 15-інде Өзбекстанда 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарыстан Қазақстан құрамасы екі алтын, бір күміс, екі қола жүлде иеленді. Суретте: Ортада – алтын медаль алған қазақстандық Альберт Линдер. Ташкент, 11 сәуір 2013 жыл. (Сурет халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды)

77 килограмм салмақ дәрежесінде жарысқа қатысқан Аят Әмірбеков жалпы көрсеткіште 297 килограмм көтеріп, күміс жүлде алды. Ташкент, 12 сәуір 2013 жыл. (Сурет халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды)