22 – 26 сәуір 2013 жыл
Сәуірдің 26-сы күні белсенді Андрей Цуканов журналистермен кездескен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке (суретте) жұмыртқа лақтырды. Бұл ісімен белсенді елдің зейнетақы жүйесіндегі реформаларға наразылығын білдіргенін айтады. Белсенді бұзақылығы үшін 7 тәулікке қамалды. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.
Қоғамдық белсенділер зейнетақы жасының 63 жасқа өсуіне қарсылық танытып тұр. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов Алматы қаласының тұрғындарымен кездесуде. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.
Сәуірдің 17-сі мәжіліс депутаттары «Қазақстан республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын мақұлдаған. Заң жобасында әйелдердің зейнетке шығу жасын 58-ден 63-ке ұлғайту мәселесі қамтылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов «зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерді тұрғындарға түсіндіру» мақсатында қарағандылықтармен және алматылықтармен кездесті. Суретте: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов Алматы қаласының тұрғындарымен кездесуде. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.
Бостон жарылысына қатысты ұсталған екі қазақ студент «АҚШ-тың миграциялық заңнамасын бұзғаны үшін» қамауда отыр. Бұл туралы ұсталған Диас Қадырбаевтың әкесі Мұрат Қадырбаев Tengrinews.kz агенттігіне берген сұхбатында растады. Суретте: Диас Қадырбаев және жарылысқа күдікті Джохар Царнаевтың «В контакте» желісіндегі суретінің скриншоты.
Сәуірдің 15-інде Бостон қаласындағы марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам мерт болды, 170-тен астам адам жараланды. Полиция жарылысты ұйымдастырушы ретінде күдікті санаған ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтарды ұстау кезінде алғашқысы қаза болып, Джохар жараланған. Көп ұзамай Царнаевтар араласқан қазақ студенттерінен жауап алынған. Суретте: «В контакте» желісіндегі Диас Қадырбаев есімді қолданушының парағындағы суретте қазақ студенттер Джохар Царнаевқа ұқсайтын жігітпен (оң жақтан екінші) бірге тұр.
Сәуірдің 24-інде «Правдивая газета» басылымының 1200 данасы тәркіленді. «Хаттамада тәркілеудің басты себебі ретінде «басылымның тұрақты шығу мерзімі жоқ» деп көрсетілген» дейді басылым қызметкері Мадия Төребаева. Ол газеттің тәркіленуіне онда жарияланған материалдар да себеп болуы мүмкін екенін айтады. Суретте: «Правдивая газетаның» 24 сәуір күні шыққан бірінші саны (Сурет редакциядан алынды).
Алматы әкімдігі қаладағы жолаушы тасымалдау ережесін бұзғандарды әшкерелейтін фото және бейнематериалдар жарияланатын интернет сайтты жақын арада іске қосуға уәде берді. Бұл қадамға тұрғындардың қоғамдық көліктегі тәртіпке көңілі толмайтыны себеп болған. Көрнекі суретте: Қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустар. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.