29 сәуір – 3 мамыр 2013 жыл

Атырау соты «террорлық акт жасамақ болды» деген күдікпен 2012 жылы қамауға алынған 16 адамды ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырды. Сот жабық күйде өтті. Сотталғандардың туыстары сот шешімімен келіспейді. Суретте: Гүлмира Ыхыласова, сотталған Ыбырай Әдірдің зайыбы. Атырау, 29 сәуір 2013 жыл.

Жастары 20 мен 47 аралығындағы 16 сотталушыға «терроризмді насихаттады, терроризм актісін жасауға жария түрде шақырды, террористік топ құрды, оған басшылық етті, қызметіне қатысты, қаржыландырды» деген айыптар тағылған. Суретте: Сотталғандардың бірі Мейірбек Жанқуатов. Фотокөшірме.

Атырауда 2012 жылғы сәуірде дәл осындай айып бойынша 47 адам сотталған еді. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаппай соттау процесінде оларға 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Суретте: Атырау облыстық сотының алдындағы тексеру. 29 сәуір 2013 жыл.

Бостондағы жарылысқа қатысты күдікті Джохар Царнаевтың әрекетін жасырмақ болды деп айыпталған Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың туыстары ол айыпқа сенбейді. «Диас тыныш, ұстамды бала. Ешқашан агрессия көрсетпейтін. Болған жайттарға біздің өзіміз де сене алмай отырмыз. Ол үнемі көмектесіп жүреді. Дінге ешқашан қатысы болмаған» дейді Диас Қадырбаевпен бірге өскен екі жас кіші немере інісі Алдияр Қадырбаев. Суретте: Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов сотта тұр. 1 мамыр 2013 жыл.

Егер «тергеу ісін шатастырмақ болды» деген айып дәлелденсе, Қадырбаев пен Тәжаяқов 5 жылға дейін сотталып, 250 мың доллар айып төлеулері мүмкін. Суретте: Қазақ студенттері (сол жақтан екінші – Азамат Тәжаяқов, үшінші – Диас Қадырбаев) Джохар Царнаевпен (төртінші адам) бірге. Фото әлеуметтік желіден алынды. 23 сәуір 2013 жыл.

Татар-башқұрт мұсылмандар қауымдастығын жабу жайындағы сот шешімі өзгермеді. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық коллегиясы 30 сәуірде Петропавлдағы қауымдастықты жабуға шешім шығарды. Қауымдастық мүшелері «мешітімізді де жауып тастай ма» деп қорқады. Суретте: Петропавлдағы «Дін Мұхаммед» мешіті.

«Шекарасыз репортерлер» халықаралық ұйымы ақпарат алу еркіндігін өрескел бұзатындардың тізімін жариялады. Журналистер құқығын бұзатын 39 саясаткер, президент, дін жетекшілері және қылмыстық топтар тізімінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да есімі бар. «Әділ сөз» ұйымының өкілі Елена Малыгина (суретте) да 2012 жылы Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайы күрт төмендеп кеткенін айтады.

Сәуірдің 27-сінде ауыр атлетикадан Лондон олимпиадасының чемпионы Майя Манеза қазақ салты бойынша ұзатылды. Спортшы ауыр атлет Вячеслав Ершовпен шаңырақ көтерді. Ұзату тойы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өтті. Суретте: Лондон олимпиадасының чемпионы Майя Манезаны (ортада) ұзату тойы. Алматы, 27 сәуір 2013 жыл.