Түркия жарылысқа Сирияны айыптады

Жарылыс болған аудан. Рейханлы, Түркия, 11 мамыр 2013 жыл.

Ресми Анкара мен Дамаск Түркияның Сириямен шекаралас Рейханлы қаласында болған жарылыстарға қатысты бір-бірін айыптап жатыр.

Өткен сенбі күні, 11 мамырда Рейханлыда бомба жасырылған екі көлік жарылып, 46 адам мерт болған еді. 100-ге тарта адам жараланған.

Түркия үкіметі Сирияның арнайы қызметімен байланысы бар деген күдікпен тоғыз түрік азаматының тұтқындалғанын және олар өздерінің жарылыстарға қатысы барын "мойындағанын" хабарлады.

Бұған дейін Түркия премьер-министрінің орынбасары Бүлент Арынч жарылыстарға Башар Асад режимі жақтастарының қатысы болуы мүмкін" деген еді.

Бірақ Сирия үкіметі жексенбіде Түркияның айыптауын жоққа шығарды.

Түркия премьері Режеп Тайып Ердоған телеарнаға берген сұхбатында Анкараның есе қайтаруы мүмкін екенін, бірақ Сириядағы азаматтық соғысқа килігіп кетуден сақтанатынын айтқан.

Түркия Сириядағы азаматтық соғыста көтерілісшілерді жақтап, Башар Асад үкіметін биліктен кетуге шақырады.