Сот Джохар Царнаевты фотоға түсіруге тыйым салды

Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті Джохар Царнаевтың әлеуметтік желідегі суреті.

АҚШ соты Бостон жарылысына күдікті Джохар Царнаевтың адвокаттарына оны фотоға түсіруге тыйым салды. Адвокаттар фотосурет Форт-Девенс түрмесінде отырған Царнаевтың хал-жағдайын көрсетіп, оған шығарылатын үкімді жұмсартуға қажет дейді. Бірақ судья Марианна Боулер қамауда отырған күдіктіні суретке түсіру түрме ережесіне қайшы болатынын айтып, адвокаттардың өтінішін қанағаттандырмады.

Егер сот Бостондағы жарылысқа айыпты деп тапса Джохар Царнаев өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында марафон кезінде бомба жарылысынан 3 адам мерт болып, 260-тан астам адам жараланды. Полиция жарылысқа күдіктілер ретінде ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтарға іздеу жариялады.

Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшты, ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түсті.

Сонымен бірге АҚШ билігі жарылысқа күдікті Джохар Царнаевқа байланысты «тергеу ісін шатастырмақ болды» деген айыппен қазақстандық екі азамат - Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовты ұстаған еді.