Арнайы өкіл: Ақтауда НАТО базасы болмайды

Каспий жағалауында Қазақстан әскери-теңіз флотының 20 жылдығы аталып өтті. Ақтау, 13 сәуір 2013 жыл. (Суреттерді түсірген - Талант Құсайын).

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Ауғанстандағы арнайы өкіл Тимур Оразаев "РИА Новости" агенттігіне берген сұхбатында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтау портына қатысты сөзіне түсініктеме берді.

- Біріншіден, Ақтау кем дегенде соңғы екі жылдан бері Ауғанстанға жөнелтетін жүктердің өткізу пункті болып келе жатыр. Ол ешкімге құпия емес. Екіншіден, Ақтаудан қару-жарақ, соғыс техникасы емес, бейбіт мақсаттағы жүктер өтеді. Соңғы екі жылда ол порттан жиһаз, құрылыс материалдары, ыдыс-аяқ, яғни коалициялық күштердің керек-жарағы өткен, - дейді Тимур Оразаев.

Оның айтуынша, Ауғанстанға транзиттік жүктер, әсіресе әскери техника Таяу Шығыс елдері арқылы, Пәкістан арқылы жеткізіледі.

Президент Назарбаев "Стамбул процесі" министрлерінің кездесуінде Ақтау порты арқылы НАТО жүгін көбірек өткізу жайын айтқан еді. Ақпарат құралдары осындан кейін "Ақтауда НАТО-ның әскери базасы немесе бақылау пункті орнауы мүмкін" деп болжам жасай бастаған.

Арнайы өкіл Тимур Оразаев президент Назарбаевтың сөзінен кейін шыққан осындай әңгімелерді негізсіз деді. "Қазақстан Каспий маңындағы көршілерінің бәрімен осы теңіздің статусын анықтау туралы келісімге келгенін" айтқан Тимур Оразаевтың сөзінше, "Ақтауда қару да, әскери база да, әскери қызметкерлер де болмайды".