Борышкерлер белсенділері әкімшілік жазаға тартылды

Полиция борышкерлерді көлікке күштеп мінгізіп жатыр. Астана, 22 мамыр 2013 жыл.

Астанада "рұқсат етілмеген митинг өткізбек болды" деген айыппен "Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының өкілі Есенбек Өктешбаев 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотынан хабарлады. Сот шешімі 23 мамырға қараған түні шыққан. Өктешбаевпен бірге тұтқындалған астаналық құқық қорғаушы Болатбек Біләлов 7 тәулікке қамалған.

Өздерін "ипотекаға үй алдық" деген топтың белсенділері Бақыт Сүлейменова мен Қыздығой Ажарқұлованың әрқайсысына "рұқсат етілмеген митингіге шықты" деп, 10 айлық есептік көрсеткіш (1 айлық есептік көрсеткіш - 1731 теңге) көлемінде айыппұл салған.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Қыздығой Ажарқұлова Бақыт Сүлейменова екеуіне сот қаулысы әлі берілмегенін, бірақ қаулы қолдарына тиген соң сот шешіміне шағым түсіретіндерін айтады.

21 мамырда "ипотекаға үй алып, оның қарызын қайтара алмай жүрміз" деген жүзден аса адам Астанаға жиналған еді. Олар үкімет және парламенттің қабылдауына кіріп, биліктен қарыздарын жабуды сұрамақ болған. Бұл шараға жиналғандар арасында Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және басқа облыстардың тұрғындары бар.

22 мамыр күні таңертең Астанада полиция үлескерлердің адвокаты Болатбек Біләловті, "Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының төрағасы Есенбек Өктешбаев пен оның әйелін ұстаған еді.