Чехия Pussy Riot-ты қолдаған діндарға саяси баспана берді

Pussy Riot панк тобының мүшелері Екатерина Самуцевич (солдан оңға қарай), Мария Алехина және Надежда Толоконникова сот залында отыр. Мәскеу,10 қазан 2012 жыл.

Чехия Pussy Riot панк тобының сотталған мүшелерін қолдаған орыс православие шіркеуінің діни қызметкері Сергей Барановқа саяси баспана берді.

Ресейдің Тамбов қаласында шіркеу қызметкері болған Сергей Баранов өткен жылы Мәскеу патриархатына хат жазып, шіркеудің Pussy Riot тобының іс-әрекетіне кешіріммен қарамағанына наразылығын білдірген еді. Хат жазғаннан кейін орыс православие шіркеуі оны діни атағынан айырған.

Чехия ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол 23 сәуірден бастап өзіне саяси баспана берілгенін, енді Грек католик шіркеуіне кіру жоспары барын айтады.

Pussy Riot панк тобының әншілері Мария Алехина, Надежда Толоконникова және Екатерина Самуцевич өткен жылы "бұзақылық жасады" деген айыппен екі жылға сотталған еді. Олар 2012 жылы ақпанда Мәскеудегі Құтқарушы Ғайса ғибадатханасында Ресей президенті Владимир Путинге қарсы ән айтқан соң тұтқындалған.

2012 жылы қазанда сот Екатерина Самуцевичтің жазасын шартты мерзімге ауыстырып, босатты. Ал биыл 23 мамырда Ресейдің Березники қаласының соты Мария Алехинаның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.