Ильхам Әлиевті Әзербайжан президенттігіне ұсынды

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. Баку, 10 мамыр 2013 жыл.

Әзербайжанның басқарушы "Жаңа Әзербайжан" партиясы президент Ильхам Әлиевті қазан айында өтетін президент сайлауына кандидат етіп ұсынды.

Жұма күні өткен партияның бесінші конгресінде президент Әлиев партия төрағасы болып қайта сайланды. Ал оның әйелі Мехрибан Әлиева партия төрағасы орынбасарларының бірі болды.

Елді 2003 жылдың қазанынан бері басқарып келе жатқан Ильхам Әлиев бұған дейін екі рет президент болып сайланған.

2009 жылы Әзербайжан конституциясына түзету енгізіліп, президенттің екі мерзімнен артық мемлекет басқаруына мүмкіндік берілген еді.

Әзербайжан оппозициясы мен құқық қорғаушылары Әлиевті "билік пен мемлекет байлығын отбасы мүшелерінің қолына шоғырландырды және адам құқықтарын үнемі бұзады" деп айыптайды.