АҚШ соты адам генін патенттеуге тыйым салды

Көрнекі сурет.

АҚШ жоғарғы соты адам генін патенттеуге тыйым салды. Сот шешімі бойынша Юта штатында орналасқан Myriad Genetics компаниясы тұқым қуалайтын омырау және аналық без қатерлі ісігі геніне беретін патентінің күшін жойды.

Дәрігерлер мен ғалымдар бұған дейін "компанияның бұл генді патенттеп алуы ғылыми зерттеулер жасауға кедергі келтіріп, науқастарды емдеу мүмкіндігінен айырады" деп шағым жасаған еді.

Бұл ген туралы ақпарат өткен айда актриса Анджелина Джолиден омырау безі қатерлі ісігін тудыру қаупі бар "бұзылған ген" табылғанын хабарлаған соң көпшіліктің назарын аудартқан. Джоли "бұзылған ген" табылғаннан кейін операция жасатып, омырау бездерін алдырып тастаған.

Бұл геннің патенті Myriad Genetics компаниясында болғандықтан оны анықтау бағасы тым жоғары (3000 АҚШ доллары шамасында). Осы себепті көптеген әйелдер аталған геннің бар-жоғын тексерте алмай, зардап шегеді.