Лама Шариф: Діни конфессия 46-дан 17-ге азайды

Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф. Алматы, 3 наурыз 2013 жыл.

Қазақстанда діни конфессиялар саны 17-ге дейін азайды. Бұл туралы бүгін парламенттегі үкімет сағатында сөйлеген дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2012 жылы 25 қазанда діни ұйымдарды қайта тіркеу процесі аяқталған соң діни ұйымдар саны 4551-ден 3088-ге дейін, ал діни конфессиялары саны 46-дан 17-ге дейін азайған.

"Жалған діни құрылымдар мен құжаттарында сенімсіз деректер келтірген кейбір діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтпей қалды" деді ол.

Бұған қоса діни істері агенттігі былтыр 1900-ден астам сайтқа діни сараптама жүргізіп, сот 45 шетелдік сайттың Қазақстан аумағында таралуына тыйым салған.

Қайрат Лама Шариф бұдан өзге енді Қазақстанда құлшылық нысандарын салуда халықтың сұранысы, басқа да ғибадат орындарының бар-жоғы, оны қамтамасыз ету мүмкіндіктері сияқты факторларды ескеріп барып шешім қабылданатынын да айтты.

Лама Шариф парламентте ислам мемлекеттерінде оқып жатқан қазақстандық студенттердің елге оралуы жайына да тоқталды. Оның айтуынша, қазір ислам елдеріндегі теологиялық университеттерде 400-ге таяу қазақстандық оқып жатыр. Олардың 200-ден астамы - Египетте, 59-ы - Сауд Арабиясында, 60-тан астамы - Пәкістан және басқа да араб елдерінде оқып жатыр.

"2011-2012 жылдары шетелдердегі теологиялық оқу орындарында оқып жатқан 130 қазақстандық елге оралды. Енді білім және ғылым министрлігінің рұқсатынсыз Қазақстан студенттері Сауд Арабиясына оқуға бара алмайды. Қазір аталған 400-ге жуық қазақстандықты елге қайтару жұмыстары жүріп жатыр" деді Қайрат Лама Шариф.

2011 жылдың соңында діни ұйымдарды қайта тіркеу туралы заң қабылданып, өткен жылдың 25 қазанына дейін Қазақстандағы барлық діни ұйым қайта тіркеуден өткен еді.