Түркия үкіметі: Шерушілерге қарсы әскер шығаруымыз мүмкін

Полиция Таксим алаңының Гези паркіне кіреберісін күзетіп тұр. Стамбул, 17 маусым 2013 жыл.

Түркия вице-премьері Бүлент Арынч билік үшінші аптаға созылған наразылық шерулерін тоқтату үшін полицияға көмекке әскери бөлімдерді жіберуі мүмкін екенін ескертті. Премьер Режеп Тайып Ердоған үкіметі наразылықтар басталғалы бері шерушілерге қарсы бірінші рет осындай доқ көрсетіп отыр.

Дүйсенбіде Түркияның екі кәсіподақ ұйымы Стамбулдың Таксим алаңында полицияның шерушілерге күш қолданғанына наразылық танытып, ереуілге шыққан еді.

Бұған дейін ішкі істер министрі шеруді заңсыз деп, оған қатысқандар жауапқа тартылатынын ескерткен.

Кәсіподақ өкілдері 15 маусымда Таксим алаңында демонстранттарды күшпен қуып тарату "Ердоған үкіметінің халыққа қарсы ашық шабуыл бастағанын көрсетеді" деп мәлімдеген.

31 мамыр күні Гези паркіндегі құрылысқа қарсы акция болып, полиция оны күшпен таратқан соң бірнеше қалада қарсылық шерулері басталған. Шерулер біртіндеп үкіметке қарсы сипат алып, шерушілер Ердоған үкіметінің отставкаға кетуін талап еткен.