Кэмерон: Қазақстандағы адам құқықтары назардан тыс қалмайды

Дэвид Кэмерон (сол жақта) мен Нұрсұлтан Назарбаев "Болашақ" зауытының жұмысшыларымен кездесуде. Атырау облысы, 30 маусым 2013 жыл.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қазақстанға сапарында «адам құқықтары жайын қозғайтынын» айтты деп хабарлайды BBC. Ол Қазақстанға жексенбі келді. Атырау әуежайында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алды.

Кэмерон - Қазақстанға ресми сапармен келген алғашқы британ премьері. Ол Назарбаевпен бірге Атырау облысындағы «Болашақ» зауытында болды. Akorda.kz сайтының хабарлауынша, «Болашақ» - Қашаған мұнай кенішіндегі ірі өндірістік нысанның бірі.

Назарбаев «Болашақ» зауытының ашылу салтанатында «Күніне 450 мың баррель мұнайды өңдеп, 8,8 миллион текше метр газды қайта өңдеуден өткізеді. Қашағанды игеру - ел индустриясындағы жаңа кезеңнің бастауы» деген.

Дүйсенбіде Ұлыбритания премьері Кэмерон Астанада Назарбаевпен және бірқатар лауазымды тұлғалармен энергетика және көлік салаларындағы екіжақты әріптестік туралы келіссөздер жүргізбек. Сонымен бірге Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесі де талқыланбақ.

Кэмерон сапарының қарсаңында Human Rights Watch ұйымы Қазақстанда үкімет билікті сынайтындарды түрмеге отырғызып, азаматтардың еркін жиын өткізу құқығын шектеп, БАҚ-ты қатаң бақылауда ұстайтыны туралы мәлімдеген. Ұйым британ премьерін Қазақстанға барғанда осы жайттарды қозғауға шақырды.

Дэвид Кэмерон Қазақстанға келер алдында Ауғанстан мен Пәкістанда болды.