Апта бейнелері

Пәкістан парламенті 73 жастағы Мамнун Хусейнді ел президенті етіп сайлады. Хусейнді бұл қызметке премьер-министр Наваз Шариф басқаратын Мұсылман лигасы ұсынған. Бұл партия парламентте көпшілік орынға ие.

Суретте: Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф (сол жақта) пен жаңадан сайланған президент Мамнун Хусейн. 30 шілде 2013 жыл.

Бразилия сапарынан қайтып келе жатқанда ұшақта журналистермен әңгімесінде Рим Папасы Франциск гомосексуалдарды айыптауға болмайтынын және олардың маргиналды топқа айналмауы тиіс екенін мәлімдеді.

Жамбыл облысында "Тараз-Шу" бағытында қатынайтын пойызға соқтығысқан "Ауди" көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында мерт болды.

Ресей астанасында полиция қала базарларын тінтіп, үш күнде жүздеген мигрант саудагерді тұтқындады. Бұған Матвиевский базарында полицейге күдіктіні ұстатпай қойған адамдардың әрекеті түрткі болған.

30 шілдеде Қытайдың Юньань провинциясында 40 жастағы этникалық ұйғыр Айзикаер екі әуе шарының арасында тартылған ұзындығы 18 метр болат арқанмен 38,35 секундте жүріп өтіп, Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Айзикаер – бес рет әлем рекордын орнатқан акробат.

Ауғанстанның Нангархар провинциясында тәлібтерге қарсы операция барысында НАТО әскери ұшағы қателесіп ауған полициясының бекінісіне соққы берді. Салдарынан 5 полиция қызметкері мерт болды.

Палестина мен Израиль өкілдері соңғы үш жылда алғаш рет бейбіт келіссөзді жалғастырды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің бастамасы бойынша Вашингтондағы келіссөзге Израиль делегациясын сыртқы істер министрі Ципи Ливни, ал Палестина делегациясын - Саиб Орейкат бастап келді.

Суретте: Палестина және Израиль делегациясы Вашингтонда Джон Керри берген қонақасында отыр.

30 шілдеде Қырғызстан соты Бішкек қаласының бұрынғы мэрі Нариман Төлеевті "сыбайлас жемқорлық жасады" деп айыптап, 11 жылға бас еркіндігінен айырды. Төлеев өзіне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды. Ол Бішкекті бұрынғы президент, 2010 жылы сәуірде биліктен қуылған Құрманбек Бакиевтің тұсында басқарған.

Қазақстандық оппозициялық саясаткер, қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязовты 31 шілдеде Францияның Ницца қаласындағы бір үйден француз арнайы күштері ұстады. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Франция билігін Әблязовты экстрадициялауды заңға сәйкес жүргізуге шақырып, "Қазақстанда Әблязов қауіп-қатерге ұшырайды" деп ескертті.

Панама билігі Кубадан Солтүстік Кореяның туымен шыққанда ұсталған кемедегі жүктен советтік МиГ-21 әскери ұшағының бөлшектері табылғанын хабарлады. Әуелде ұшақ Солтүстік Кореяға көмек ретінде қант алып бара жатқанын хабарлаған Куба кейін "ұшақта Солтүстік Кореяға жөндеуге жіберілген ескірген қару-жарақ болғанын" мойындады.

29 шілдеде Алматы облысының Іле аудандық соты Ресей азаматы, Софроний деген атпен белгілі священник Петр Евтихеевті Қазақстаннан депортациялау туралы шешім шығарды. Азаттыққа Евтихеев сот шешіміне апелляциялық шағым беретінін айтты.

1 тамызда Францияның Астанадағы елшілігі мен Алматыдағы бас консулдығына келген белсенділер сол елде ұсталған қазақстандық оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты Қазақстанға қайтармау керегін айтып петиция тапсырды.

2 тамызда Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында өткен сот отырысында судья Қайырбек Елемесов айыпталып отырған құқық қорғаушы және журналист Александр Харламовқа «қылмыстың кодекстің 164-бабы бойынша тағылған айып – ауыр» екенін алға тартып, Харламовты жасы мен денсаулығына байланысты қамаудан босату туралы оның адвокатының берген өтінішін қанағаттандырмады.