Ресейде Bloodhound Gang тобына қарсы іс қозғалды

Bloodhound Gang тобының әншісі концерт кезінде Ресей туын ышқырына салып жатыр. Одесса, Украина, 31 шілде 2013 жыл.

Ресей ішкі істер министрлігі америкалық Bloodhound Gang рок тобының әншісі Джаред Хассельхоффтың Украинадағы концерті кезінде Ресей туын ышқырына салып жіберуіне байланысты қылмыстық іс қозғады.

Министрліктің хабарлауынша, "іс Ресей мемлекеттік туын құрметтемеген іс-әрекеттен кейін қозғалып отыр". Ресей заңдары бойынша, мемлекеттік туды қорлағандар бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бұған дейін АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Майкл Макфол Twitter-дегі парақшасында топтың іс-әрекетін "жиіркенішті" деп атаған.

31 шілдеде Одессадағы концерт кезінде болған оқиғадан кейін топ Ресейдің оңтүстік аймағында өтетін фестивальге қатыспай, кері қайтуға мәжбүр болды.