Египет үкіметі: Қаза тапқандар саны 278-ге жетті

Египет қауіпсіздік күштері наразылық танытушыларды ұстап жатыр. Каир, 14 тамыз 2013 жыл.

Египет үкіметі 14 тамыз күні Каирде және елдің басқа да аймақтарында болған қақтығыстардан 235 тұрғынның қаза тапқанын хабарлады. Ішкі істер министрі Мұхаммед Ибрахимнің айтуынша, олардан өзге 43 полицей мерт болған.

Наразылық акцияларын ұйымдастырған, биліктен қуылған бұрынғы президент Мұхаммед Мурсиді жақтайтын "Мұсылман бауырлар" партиясы "қаза тапқандар саны 2 мыңнан асып кетті" деп мәлімдеді.

"Мұсылман бауырлар" ұйымының өкілдері Мурсидің жақтастарын наразылықты жалғастыруға шақырады. Бірақ Египет ішкі істер министрі биліктің енді наразылық лагерьлерінің құрылуына жол бермейтінін ескертті.

14 тамыз күні Египет әскері Каирдегі бұрынғы президент Мұхаммед Мурсидің билікке оралуын талап еткен наразыларды қуып таратқан еді. Қазір полиция "Мұсылман бауырлар" ұйымының жетекшілерін тұтқындап жатыр.

Египеттің уақытша премьер-министрі Хазем Беблави сәрсенбіде телеарнадан сөйлеген сөзінде полицияның Каирдегі наразылық лагерьлерін күшпен таратқанын қолдап, үкіметтің "қауіпсіздікті сақтауға мәжбүр болғанын" айтты. Ол Мұхаммед Мурсидің жақтастарын күштеп тарату туралы шешім қабылдау "оңай болмағанын" жеткізді.

14 тамызда наразыларды полиция күшпен таратқан соң, президент міндетін атқарушы Адли Мансур Египетте бір айға төтенше жағдай жариялады. Египет әскері ел аумағын қатаң бақылауға кірісті.

Египет үкіметінің наразыларға қарсы күш қолданғанын БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун, Еуропа Одағы өкілі Питер Стано айыптады.

3 шілдеде әскерилер Египет президенті Мұхаммед Мурсиді биліктен шеттеткен еді. Мурсидің жақтастары бір жарым айдан бері оның биліктен қуылғанына наразылық танытып, қарсылық акциясын өткізіп жатқан.