Аптаның сурет баяны
12 тамызда СССР-де алғашқы сутегі жойқын қаруы - РДС-6с бомбасын Семей полигонында сынақтан өткізгеніне 60 жыл (1953 жылы 12 тамызда) толды. Осыған байланысты Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев сол елдегі тәжірибелік физика ғылыми-зерттеу институтын құттықтады. 40 жыл бойы СССР-дің ядролық қаруды сынайтын полигоны болған Семей өңірінде оның ауыр зардабы қалды. Бұл туралы алғашқы сутегі бомбасының сынағын көргендердің бірі Болатбек Нәсенов Азаттыққа сұхбатында өзі куә болған жайтты айтады.
Суретте: Семей қаласының тұрғыны Уәлихан Серікқалиевтің сүйектері болмашы қимылдан-ақ жиі сынады. Дәрігерлер оның дертін Семей полигонының зардабымен байланыстырады.
Қазақстанда биыл мемлекеттік білім грантына ие болған 30 мың 758 талапкердің тізімі жарияланды. Грант алуға 68 мың 742 талапкер өтініш білдірген. Білім гранты иегерлерінің тізімі ресми басылымдардан бұрын жеке сайттарда жарияланып кетті.
12 тамызда Астанада қоғамдық ұйымдар құрған «Әблязовты қайтарайық» коалициясы Францияның Қазақстандағы елшісіне Мұхтар Әблязовтың Қазақстанда «түрлі қылмыстар жасағанын» айтып, Қазақстанда соттау үшін француз үкіметінен оны қайтаруды сұраған хат тапсырды.
Суретте: «Әблязовты қайтарайық» коалициясының өкілі Бақытжан Жүнісбеков (оң жақта) журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 12 тамыз 2013 жыл.
16 тамызда Орал қаласының әкімшілік соты жергілікті «Уральская неделя» газетінің тілшісі Талғат Омаровқа 3462 теңге (шамамен 22 доллар) айыппұл салды. Ал онымен бірге әкімшілік құқық бұзушылық туралы істері қаралған редакция қызметкерлері Тұрар Төлегенов, Рауль Упоров және Михаил Ишутиннен сот түсіндірме алған. Бұл төртеуін 13 тамызда Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың фотомакетімен көшеге шыққанда полиция ұстап, «әкім Ноғаевтың фотосуретін алып жүру - заңсыз» деп әкімшілік іс қозғап, сотқа жіберген.
13 тамызда Шығыс Қазақстандағы құқық қорғаушы, журналист Александр Харламовтың ісі бойынша Риддер қаласында өтіп жатқан сотта прокурор істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады. Бұның алдындағы сот отырысында прокурор Харламовты төрт жылға соттауды сұраған еді.
13 тамызда АҚШ-та Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты тергеу ісіне кедергі келтірмек болды деп айыпталған қазақстандық Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовтың ісі бойынша алғашқы сотта екеуі де өздерінің кінәсіз екенін айтып, айыппен келіспейтіндерін мәлімдеген. Азаттық радиосына сұхбатында Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов іске қатысты өзіне мәлім жайттарды айтып берді.
Суретте: Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаев (ортада) Джохар Царнаевпен (оң жақта) Нью-Йоркте.
13 тамызда Ресейде белсенділер биліктің заңсыз мигранттарды жаппай ұстап арнайы ашылған лагерьге қамау саясатын сынап наразылық акциясын өткізді.
13 тамыз – халықаралық солақай адамдар күні. Кейбір деректер бойынша, адамзат баласының 13 пайызы солақай болып туады екен. Қазіргі кезде әлемде шамамен 900 миллион солақай адам бар делінеді.
Cуретте: алматылық зейнеткер Жаулыбай Иманәлиев домбыра тартып отыр.
14 тамызда Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты терроризм айыбы бойынша алты адамға үкім шығарды. Сот оларды "террорлық шабул жасамақ болған" деп тапты. Екі адам - 10 жылға, қалғандары бес жарым жылдан тоғыз жыл аралығында мерзімге бас еркіндігінен айрылды.
Суретте: 10 жылға сотталған Серік Қошалақовтың жұбайы Мәдина Қошалақова. Астана, 14 тамыз 2013 жыл.
14 тамызда Үндістан әскери күштері пайдаланып жүрген, Ресейде жасалған "Синдхуракшах" сүңгуір қайығы Мумбай порты маңында жарылып, өртенген соң суға батып кеткен. Ресми ақпарат бойынша, апат салдарынан 18 теңізші із-түзсіз жоғалған. 16 жыл бұрын жасалған сүңгуір қайық таяуда ғана Ресейде күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылған.
Суретте: "Синдхуракшах" сүңгуір қайығы суға батқан тұста құтқару жұмыстарын атқарып жүрген адамдар. 14 тамыз 2013 жыл.
АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен Палестина арасында өтіп жатқан келіссөздердегі уәдесіне сәйкес, Израиль билігі 14 тамызда қамауда отырған 26 палестиналық тұтқынды босатты. Бірақ Израильдің Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Иерусалимнің шығысында еврей қоныстанушыларына арнап мыңдаған үй тұрғызу ниеті Палестинаның наразылығын туғызып, ол келіссөздерді тоқтатуы мүмкін екенін ескертті.
Суретте: Палестина президенті Махмуд Аббас (ортада) Израиль түрмесінен босап шыққан палестиналықтармен бірге тұр. Рамалла қаласы, 14 тамыз 2013 жыл.
14 тамызда Египет президенті міндетін атқарушы Адли Мансур елде бір ай мерзімге төтенше жағдай жариялады. Билік елдің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді жақтаушылардың Каирдегі екі лагерін бұзу үшін қалаға әскери техникалар кіргізіп, наразыларға көзден жас ағызатын газ қолданды. Соңғы мәліметтер бойынша, қақтығыстар салдарынан 600-ден астам адам мерт болып, үш мыңнан аса адам жараланған. Египеттің вице-президенті, бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты Мұхаммед әл-Барадеи полиция мен әскердің наразылар шеруін күштеп тарату операциясына қарсылық білдіріп, отставкаға кетті. Биліктің наразыларға күш қолданғанын БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун, Еуропа Одағы өкілі Питер Стано айыптады.
14 тамызда Форт-Мидтегі әскери трибуналда сөйлеген сөзінде Бредли Мэннинг АҚШ-тың әскери және дипломатиялық құжаттарын Wikileaks сайтына бергені үшін кешірім сұрады. Ол өз іс-әрекетімен "АҚШ-қа зиян келтіргенін" айтып, сол үшін жазасын тартуға дайын екенін мәлімдеді. Барлау ақпараттарына талдау жасайтын бұрынғы әскери қызметкер, 25 жастағы Мэннинг бұған дейін "тыңшылық жасады", "ақпарат ұрлады" және басқа да заңдарды бұзды деген бірнеше айып бойынша кінәлі деп танылған. Бұл айыптар бойынша ол 90 жылға сотталуы мүмкін. Ол Wikileaks-ке құпия құжаттарды 2010 жылы Иракта әскери қызметте жүрген кезінде берген.
Суретте: Брэдли Мэннингті (ортада) әскери сот залынан шығарып бара жатқан сәті. Форт-Мид, Мэриленд штаты, АҚШ, 14 тамыз 2013 жыл.
15 тамызда Алматы облысы Қарасай аудандық соты 27 жастағы Дмитрий Жабинді «Тастыбұлақ кентінің тұрғыны, эколог Нұрлан Өтеулиевті өлтірді» деп тауып, 10 жылға түрмеге кесті. Айыпкер қылмысын мойындағанымен марқұм экологтың туыстары мен жақтастары бұл қылмысқа қатысты жайттар толық анықталғанына сенбейді.
Суретте: эколог Нұрлан Өтеулиев. Алматы облысы, 4 наурыз 2013 жыл.
15 тамызда Иранның негізінен консерваторлардан құралған парламенті елдің жаңа президенті Хассан Роуханидің министрлер кабинетіне ұсынған 15 кандидатын мақұлдап, үшеуіне қарсылық білдірді. Сондай-ақ Роухани Иранның құқықтық істер бойынша вице-президенті лауазымына әйел адамды - бұрын консервативті депутат болған, қазір бірнеше универститетте дәріс оқитын Элхам Аминзадені тағайындап, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзді жүргізетін Тегеран өкілі міндетін атқаруды бұрынғы сыртқы істер министрі Әли Акбар Салехиге тапсырды.
16 тамызда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін психиатриялық диспансерге күштеп жатқызылған балқаштық адвокат Зинаида Мухортованы дереу босатып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды. Сол күні Балқаштағы психоневрологиялық диспансерде өткен сотта судья Майра Ибрагимова емдеу мекемесінде Зинаида Мухортованы мәжбүрлеп ұстау мерзімі ісі қаралып біткенше ұзартылғанын хабарлады. Мухортованы 9 тамызда жергілікті полиция мен дәрігерлер үйінен күштеп шығарып алып кеткен.
Суретте: балқаштық адвокат Зинаида Мухортова.