Мухортованы мәжбүрлеп емдеу мерзімі ұзартылды

Зинаида Мухортова, балқаштық адвокат. (YouTube видеосынан алынған сурет)

Балқашта психоневрологиялық диспансерге күштеп жатқызылған адвокат Зинаида Мухортованың соты өтті.

Диспансер ғимаратында өткен сотты судья Майра Ибрагимова жүргізде. Зинаида Мухортованы залға шақырмай тұрып, оның денсаулығы сотқа қатысуға жарайтын-жарамайтыны туралы сұралды. Диспансердің бас дәрігері Рысбек Ысқақов Мухортованың денсаулығы жарайтынын айтты.

Зинаида Мухортова өзін 9 тамызда заңсыз ұстағанын айтты. Былтыр Балқаш соты оны күштеп емдеу туралы үкімнің күшін жойған еді.

Мухортова судьяға Астанадан сарапшылар шақыртып, өзін сот-психологиялық сараптамадан өткізуді сұрады. Ол ұстаған кезде күш көрсетілгенін, туысы Наталья Абент екеуінің де қолы көгеріп қалғанын айтты.

Мухортованың туысы әрі өкілі Абент адвокат Амангелді Шорманбаев келмегендіктен сотты 19 тамызға қалдыруды сұрады. Прокуратура мен диспансердің бас дәрігері келіскен соң, судья Зинаида Мухортованы диспансерде мәжбүрлеп ұстау мерзімі ісі қаралып біткенше ұзартылғанын хабарлады.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін психиатриялық диспансерге күштеп жатқызылған адвокат Зинаида Мухортованы дереу босатып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.