ЦРУ "51-аймақ" құпия базасы барын растады

АҚШ әуе күштерінің U-2 барлаушы-ұшағы. Көрнекі сурет.

АҚШ-тың орталық барлау басқармасы (ЦРУ) "51-аймақ" деп аталатын құпия нысанның бар екені туралы ақпаратты растады.

Бұл база жөнінде дерек U-2 барлаушы-ұшағына қатысты жақында құпиялық мерзімі бітіп жарияланған құжаттарда айтылған еді. Джордж Вашингтон университетінің ресми сұрауы бойынша алынған ақпаратта 1950 жылдардың ортасында АҚШ-тың Невада штатындағы Грум-Лейк көлінің тартылып қалған табанынан құпия ұшақты сынақтан өткізетін арнайы жер сатып алынғаны айтылған.

Бұған дейін АҚШ үкіметі "51-аймақ" базасы туралы ақпараттарды жоққа шығарып келген еді.

"Қырғи-қабақ соғыс" жылдары құпия жағдайда әскери ұшақ дайындалғаны белгілі болып отырған бұл нысан туралы ондаған жылдар бойы түрлі қауесет тарап келген. Солардың арасында өзге планеталық ұшатын нысандар туралы айтылып жүрген.