Ертістегі апат құрбандары ішінде қазақстандықтар бар

Кеме апаты болған жерге қойылған естеліктер. (Көрнекі сурет)

Ресейдің Омск облысында Ертіс өзенінде жолаушылар кемесі мен жүк баржасы соқтығысқанда зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары да бар.

Сенбі күні кеме апатынан кейін әл үстінде госпитальға жеткізілген Өскемен қаласының 58 жастағы тұрғыны Эмма Постникова қайтыс болды. Бұл туралы Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) Омскідегі жергілікті мекемесі хабарлады.

Ресей ТЖМ-інің хабарлауы бойынша, апатқа ұшыраған жолаушылар кемесінде Қазақстанның бірнеше азаматы болған. Министрлік сайтында Қазақстанның тағы бір азаматының (Алматы облысының тұрғыны) әл үстінде жатқаны жазылған.

Ертіс өзенінде жолаушылар кемесі мен жүк баржасы сенбі, 17 тамыз күні соқтығысты. Қаза тапқандар саны - 6 адам. 40 шақты кісі жарақат алған.

Жолаушылар кемесінде 56 жолаушы, 4 экипаж мүшесі болған.