Сот "Правдивая газета" шағымын қанағаттандырмады

Алматы қалалық сотының судьясы Қанат Молдашев. Алматы, 22 тамыз 2013 жыл.

Алматының 2-қалалық соты "Правдивая газета" басылымы бас редакторы Әлия Исмағұлованың газетті үш ай мерзімге тоқтату туралы сот шешіміне берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Тамыздың басында әкімшілік сот газетті "басылым таралымы туралы мәліметтерді хабарлау ережесін бұзды" деп айыптап, қызметін үш айға тоқтатқан еді.

Бүгін шағымды қараған судья Қанат Молдашев сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Биыл сәуір айында Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері газеттің баспадан шыққан алғашқы санын тәркіледі. Басқарма "редакция газеттің таралымын дұрыс көрсетпеген" деген себеп айтқан.

Басылым қызметкерлері газеттің алғашқы санында Заманбек Нұрқаділовтің кітабының үзіндісі, Ғазиз Алдамжаровтың сұхбаты және сәуірдің 27-сі күні Алматыда жоспарланған қарсылық күніне орай өткізілетін митинг жайлы материал жарияланғанын айтқан.