Алматыдағы тәртіпсіздіктен 90 адам зардап шеккен

"Прайм Плаза" сауда орталығының аумағын қоршап тұрған арнайы жасақ. Алматы, 31 тамыз 2013 жыл.

Алматыда «Прайм Плаза» сауда кешеніндегі концертте болған тәртіпсіздіктерден кейін 90 адам медициналық көмек сұрады деп хабарлайды қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған ақпарат агенттіктері.

Басқарманың ақпаратына қарағанда, 90 адамның сегізі (арасында құқық қорғау органының екі қызметкері, бір өрт сөндіруші бар) ауруханаға жатқызылған.

Тамыздың 31-і күні кешкі сағат 8 шамасында «Прайм Плаза» сауда және ойын-сауық кешенінде эстрадалық әнші Қайрат Нұртас қатысқан концерттік шара өтуі тиіс болған. Концертке жиналғандар Қайрат Нұртастың бір ғана ән айтқанына наразы болып, соңы жастардың полициямен қақтығысына ұласқан.

Оқиғаға қатысты Алматы қалалық ішкі істер басқармасы қылмыстық кодекстің 257-бабы ("бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғады.