Ирактағы жарылыстардан 46 адам мерт болды

Шииттер мешіті маңында жарылыс болған жер. Бағдат, 12 қыркүйек 2013 жыл.

Ирак билік орындарының хабарлауынша, жексенбі күні елдегі бірнеше қалада болған жарылыстар салдарынан кемінде 46 адам өліп, 130-дан аса адам жараланған.

Негізінен шииттер тұратын аудандарда жасалған жарылыстардың көпшілігінде автокөлікке орнатылған бомбалар іске қосылған. Хилла қаласында осындай екі жарылыстан 19 адам мерт болған.

Бағдадта жоғары лауазымды шенеунік мінген көлік жолындағы жарылыстан үш адам қаза тапты, шенеуніктің өзі аман қалды. Кербела қаласындағы жарылыс төрт адамның өмірін қиып, 25 адамды жаралады.

Кут қаласында азық-түлік сататын жерде адамдар жиналған кезде сол маңда тұрған көлікте жарылыс болған. Басра мен Насирияда сегіз адам өлген.

Соңғы кезде Иракта діни алауыздықтан туындаған қақтығыстар жиілеп кетті. БҰҰ-ның деректері бойынша, тамыз айында елде 800 адам мерт болған.