Иранда Facebook пен Twitter қайтадан жабылды

Иран астанасындағы интернет-кафелердің бірі. (Көрнекі сурет)

Иран билігі Facebook пен Twitter әлеуметтік желілерін тағы да бұғаулап тастаған. Өткен түнде бұл желілерге қойылған «сүзгілер» ажыратылып қалған еді.

Үкіметке жақын «Мехр» агенттігі интернетті қадағалау жөніндегі комиссия мүшесі Абдолсамад Хорамабадиге сілтеме жасап, «сүзгілердің» техникалық себептермен ажыратылғаны туралы айтқанын хабарлаған. Оның айтуынша, көп ұзамай «сүзгілер» қайтадан іске қосылған.

Көптеген ирандықтар әртүрлі бағдарламаларды қолдану арқылы бұл әлеуметтік желілерге қойылған кедергілерден әзер өтеді.

Иранның биыл қызметіне кіріскен жаңа президенті Хасан Роухани бұған дейін ел азаматтарына Иранның әлемге ашық болатыны және Батыспен байланысты нығайтатыны туралы уәде берген болатын.

Соңғы бірнеше аптаның ішінде Иран үкіметінің кейбір мүшелерінің Facebook желісінде тіркелуі интернетті қадағалау туралы пікірталасты өрбітті.

Бұған дейін батыс басылымдары Иран үкіметі «таза» ұлттық интернет жобасын жасау үшін елді сыртқы интернет жүйесінен ажыратып тастауға кіріскені туралы жазған еді.