Қырғызстанда "террорист" қазақстандықтың есімі жарияланды

Сейсенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қырғызстанда терроризм айыбы бойынша ұсталған Қазақстан азаматының аты-жөнін жариялады.

Министрліктің хабарлауынша, ұсталған азамат - 25 жастағы Сергей Анатольевич Лескевич. Ол Қырғызстанның Шу облысы, Тоқмақ қаласында туған.

Министрліктің ақпарат құралдарына таратқан мәлімдемесінде "Қазір Қазақстан мен Қырғызстан құқық қорғау органдары бірігіп осы іске қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр" деп жазылған.

Қыркүйектің 17-сі күні Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті тамыз айының соңында елде "террористік актілер жасамақ болған" бірнеше азамат ұсталғанын, олардың арасында Қазақстан азаматы барын мәлімдеген болатын. Бірақ "тергеуге байланысты" олардың есімдері аталмаған еді. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитеті оларды "Сириядан Қырғызстанға террористік-диверсиялық акцияларды іске асыру мақсатымен жіберілген топ" деп атаған.

Қырғызстанның арнайы қызмет өкілдерінің айтуынша, бұл азаматтар "Ислам жиһады одағы" ұйымына мүше болған. Олар Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Бішкектегі саммиті қарсаңында Ош облысында қолға түскен.