Апта бейнелері: 7 – 11 қазан

Апта басында химиялық қаруға тыйым салу халықаралық ұйымының (Organization for the Prohibition of Chemical Weapons) сарапшылары БҰҰ өкілдерімен бірлесіп Сирияның химиялық қаруын жоюға кірісті. Ал аптаның соңында Бейбітшілік саласы бойынша тағайындалған "Нобель" сыйлығы биыл осы халықаралық берілгені хабарланды.

Суретте: химиялық қаруға тыйым салу халықаралық ұйымының Гаагадағы штаб-пәтері, 11 қазан 2013 жыл.

Ресей билігі 2014 жылы Сочиде өтетін қысқы олимпиада қарсаңында олимпиада алауы эстафетасын бастады. Бұқаралық ақпарат құралдары Олимпиада ойындары тарихындағы ең ұзақ олимпиада алауының эстафетасы кезінде алаудың бірнеше рет өшіп қалғаны туралы жазды.

Астанада «Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев үйқамаққа шығару туралы шешімге сай 8 қазанда абақтыдан шыққанымен, үш сағаттан соң қайта тұтқындалды. Экстремизмге қатысты айып тағылған пастор 10 қазанда Астананың Алматы аудандық №2 сотының шешімімен бір айға қамалды.

Суретте: пастор Бақытжан Қашқымбаевтың абақтыдан шыққан сәті. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Азаттық тілшісі қыркүйектің соңынан бері Астанадағы «Психикалық денсаулық медициналық орталығында» кезекті психиатриялық сараптаманы күтіп жатқан балқаштық адвокат Зинаида Мухортовадан сұхбат алды.

Суретте: адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Қырғызстанның Ыстықкөл облысында жүздеген адам Жеті-Өгіз ауданындағы Саруу және Дархан ауылдарына баратын жолды жауып тастады. Олар "Құмтөр" алтын кенішін шетелдік компанияның иелігінен мемлекет меншігіне алуды талап еткен.

Суретте: наразылық танытушылар жолдағы әрбір көлікті тексеріп жатыр.

Алматы облыстық сотының кассациялық алқасы 2 қазанда православ діндар, игумен Софронийді (шын есімі - Петр Ефтихеев) депортациялау туралы сот шешімдерінің күшін жойғаны туралы қаулы шығарғаны туралы ақпарат 8 қазанда Жоғарғы соттың сайтында жарияланды.

Суретте: игумен Софроний.

Химия саласы бойынша Нобель сыйлығына Мартин Карплюс (АҚШ пен Австрия азаматы), Майкл Левитт (АҚШ пен Ұлыбритания азаматы) және Арье Уоршелл (АҚШ пен Израиль азаматы) ие болды. Үш ғалым "күрделі химиялық жүйелердің мультимасштабтағы үлгісін жасағаны үшін" осы сыйлыққа лайықты деп танылған.

Суретте (солдан оңға): Мартин Карплюс, Майкл Левитт және Арье Уоршелл.

Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі аумағындағы Қашаған кенішінен коммерциялық мақсатта қажетті мұнай көлемі өндіріле бастады. Бұл туралы 9 қазанда Қазақстанның мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Астанада өтіп жатқан Kazenergy Еуразиялық форумында хабарлады.

Суретте: Қазақстанның мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин.

Пәкістандық 16 жастағы блогер қыз Малала Юсуфзай Еуропа парламенті тағайындаған Сахаров сыйлығымен марапатталды. Азаттық радиосы жас қыздан сұхбат алды.

Суретте: блогер Малала Юсуфзай, Нью-Йорк, 10 қазан 2013 жыл.