Мүфти: Сирияда ТМД-лық 1300 адам соғысып жүр

Кавказдан шыққан исламшыл топ өкілдері. Сирия, қыркүйек, 2013 жыл.

Сирияның бас мүфтиі Ахмад Бадреддин Хассун Сирияда Ресей мен ТМД елдерінен шыққан 3 мыңнан астам адам оппозицияда жағында соғысып жүргенін мәлімдеді деп хабарлады "Интерфакс" агенттігі. Мүфти мұны Мәскеудегі ислам университетінде оқыған дәрісінде айтқан.

Мүфти үкіметтен алған мәліметтері бойынша Сирияда Ресейден шыққан 2 мыңға таяу адам оппозиция жағында соғысып жүргенін, олардың көпшілігі Солтүстік Кавказ аймағынан шыққанын айтады.

Оның сөзінше, ТМД елдерінен барып, оппозиция жағында соғысып жүргендер саны шамамен 1 мың 300 адамға жақындайды. Мүфти олардың көпшілігі қаза тапқанын айтады.

Бұған дейін YouTube-те 150 қазақстандықтың Сирияға жиһадқа барғаны туралы видео пайда болған еді. Арабша субтитрлер жазылған, қазақ және орыс тіліндегі шағын сұхбаттардан тұратын видеодағы адамдар өздерін «Сирияға жиһад жасау үшін хижра қылғандар (қоныс аударғандар - ред.)» деп сипаттайды.