"Көркею индексінде" Қазақстан 47 орында аталды

Legatum Institute ұйымының Prosperity Index 2011 есебі. Көрнекі сурет.

Лондонда орналасқан Legatum Institute ұйымы түзген әлем елдерінің 2013 жылға арналған көркею индексінде (Prosperity index) Қазақстан 47-орында аталды. Индекс жыл сайын 142 елдегі азаматтардың әл-ауқаты, денсаулығы мен өздерін бақытты сезіну көрсеткіштеріне негізделіп түзіледі.

Көркею индексіндегі алғашқы бес орынды Норвегия, Швейцария, Канада, Швеция және Жаңа Зеландия иеленген. АҚШ бұл тізімде 11-орында тұр.

Legatum Institute басшысы Джеффри Гедминнің айтуынша, соңғы бес жылда әлем тұрғындарының әл-ауқаты үздіксіз жақсара түскені байқалады. Ұйым әсіресе кәсіпкерлікпен айналысу, денсаулық сақтау және білім беру салалары жақсара түсті деген тұжырым жасаған.

Постсоветтік елдер арасында Беларусь - 58, Ресей - 61, Өзбекстан - 63, Украина 64-орынды иеленген.