Армения мен Әзербайжан келіссөзді жандандырмақ

Таулы Қарабах аймағының картасы. Көрнекі сурет.

Бүгін Венада Армения мен Әзербайжан президенттері Серж Саргсян мен Ильхам Әлиев Таулы Қарабах аймағына қатысты даулы мәселені шешу келіссөздерін жалғастырады. Келіссөздер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Минск тобының бастамасымен өтпек.

1990 жылдары Таулы Қарабахты армян сепаратистері қақтығыстар нәтижесінде Ереванның қолдауымен Әзербайжаннан бөліп алғаннан бері екі ел арасындағы бұл аймаққа қатысты жанжал шешімін таппай келеді, оны дипломатиялық жолмен шешу әрекеттері еш нәтиже бермеді. Әлемде бір де бір ел Таулы Қарабахтың тәуелсіздігін таныған жоқ.

Осы айдың басында Саргсян мен Әлиев келіссөздерді жандандыру үшін жеке кездесуге келіскен. АҚШ президенті Барак Обама Әлиевке жазған хатында бұл шешімді құптаған.

Қазір Ильхам Әлиев Украинада сапармен жүр.