"Қазақалтын" кенішінде жарылыстан бір адам қаза тапты

Ақмола облысындағы алтын кеніштерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Ақмола облысының Шортанды ауданы Жолымбет ауылында "Қазақалтын" кәсіпорнына тиесілі "Центральная" шахтасында бүгін таңертең жарылыс болып, бір адам қаза тапты деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ақпаратына қарағанда, кен жыныстарына жарылыс жасайтын 44 жастағы жұмысшы өзімен бірге жарылғыш заттарын алып жүрген. Кенші жарылыс болған жерде қаза тапқан.

Департаменттің дерегі бойынша, шахтада жарылыс болған кезде 66 адам болған. бірақ олар зардап шекпеген. Қазір оқиға орнында комиссия жұмыс жүргізіп жатыр.

Бұған дейін, 19 қазанға қараған түні Жолымбет ауылындағы "Центральная" шахтасында тау жыныстары құлап, екі кенші үйінді астында қалған еді. Олардың бірі құтқарылып, қаза болған екіншісінің денесі үйінді астынан алты күннен соң табылған.