Назарбаев Латвия президентіне көңіл айтты

Шатыры құлап, көп адамды басып қалған "Maxima" супермаркеті. Рига, 21 қараша 2013 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Латвия президенті Андрис Берзиньшке Рига қаласындағы «Maxima» сауда орталығы төбесінің құлап түсуі салдарынан көп адамның қаза болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Ригадағы қайғылы жағдай туралы хабарды күйзеле отырып қабылдағаны атап өткен Назарбаев Латвия президентіне Қазақстан халқы атынан және жеке өз атынан көңіл айтып, қаза тапқандардың отбасылары мен туған-туыстарына, сондай-ақ барша Латвия халқына қайғыларына ортақтастығын білдірген.

Латвия астанасында 2011 жылы салынған супермаркеттің шатыры 21 қараша күні кешке, адам шоғыры көп мезгілде құлап түскен еді. Сенбі күнгі мәлімет бойынша, төтенше оқиғадан 52 адам қаза болып, ондаған адам жарақат алған.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты Латвияда 23 қарашадан бастап үш күн бойы аза тұту жарияланды. Сонымен бірге Латвиямен көрші Литва мен Эстония 24 қарашаны азалы күн деп жариялады.