Карзай АҚШ-пен пактіге қол қоюды кейінге ысырды

Ауғанстан президенті Хамид Карзай (оң жақта) Лойя Жирга жиынында сөйлеп тұр. Кабул, 21 қараша 2013 жыл.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай АҚШ-пен қауіпсіздікке қатысты пактіге қол қоюды тағы да кейінге ысырды.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Карзай "АҚШ-тың Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға мүдделі екеніне көз жеткізуге біраз уақыт қажет екенін" мәлімдеген. Ол бұған қоса "америкалық әскерилер ауғандықтардың үйлеріне тексеру жүргізуін доғаруы тиіс" деген.

Ол пактіге қашан қол қоятынын хабарлаған жоқ. Карзай бұған дейін аталған келісімге Ауғанстанда президент сайлауы өтетін келесі жылдың сәуір айына дейін қол қоюды ұсынған еді.

Жексенбіде ауған тайпалары, дінбасылары мен саяси көсемдерінің қатысуымен өткен "Лойя-Жирга" жиыны Ауғанстан мен АҚШ арасындағы қауіпсіздік туралы пактіні мақұлдап, оған осы жылдың соңына дейін қол қоюға шақырған еді.

Пактіде келесі жылдың соңында Ауғанстаннан НАТО әскері шығарылғаннан кейін осы елде АҚШ-тың шектеулі әскерін қалдыру қарастырылған.