25 қарашада Жаңаөзендегі «Кезби» компаниясының жұмысшылары белгісіз заттан уланып қалған. Олардың екеуі қайтыс болды, 26 жұмысшы ауруханаға түскен. Ресми орындар улануға не себеп болғанын айтқан жоқ.
Қазақстан Жоғарғы соты «прокуратура өкілінен ақша бопсалады» деген айыппен былтыр 12 жылға сотталған құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің үкіміне қатысты қадағалау өндірісін қозғау туралы шағымды қанағаттандырмай тастады. Курамшиннің адвокаттары енді БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданбақ. Қазақстандық бірнеше құқық қорғау ұйымы саяси тұтқын деп таныған Курамшин еркіндікте жүргенде түрмедегі тұтқындардың құқығын белсенді қорғаған.
Биыл маусымда Вадим Курамшин Адам құқығы саласындағы Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды. Баласының сыйлығын алу үшін желтоқсанның 3-інде Францияға оның анасы Ольга Колтунова (суретте) бармақшы.
Рим папасы Франциск (оң жақта) 25 қарашада Ватиканда Ресей президенті Владимир Путинмен (сол жақта) кездесті. Жаңа қызметке келгелі Ресей басшысымен тұңғыш жүздескен понтифик 35 минутқа созылған кездесуде Сириядағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу жайын талқылаған.
Таиландта үкіметке қарсы наразылық акциялары жалғасып жатыр. Сенбіде Бангкокта үкіметті қолдайтындар мен қарсыластары арасында болған қақтығыстар кезінде белгісіз адамдар оқ атып, тәртіпсіздіктер барысында үш адам қаза болған. Ондаған адам жарақат алған. Оппозиция Йинглак Чинават үкіметін оның ағасы, экс-премьер Таксин Чинават бақылайды деп айыптап, үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп отыр.
Италия сенаты "салық алаяқтығына қатысты айыпты" деп танылған 77 жастағы экс-премьер Сильвио Берлускониді депутаттық мандатынан айырып, алты жыл мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салды. Өзін депутаттық мандатынан айыруға дауыс берілген 27 қарашаны Берлускони "демократия үшін қаралы күн болды" деп атады.
Ауғанстан президенті Хамид Карзай үкімет "зинақорлық жасағандарды таспен ату" жазасын қайта енгізбейтінін мәлімдеді. Жазаның бұл түрі елді Талибан басқарып тұрған кезде қолданылған. Осы аптаның басында Human Rights Watch ұйымы Ауғанстан үкіметін аталған жаза түрінен бас тартуға шақырған еді.
29 қарашада Парижде совет диссиденті, ақын, құқыққорғаушы Наталья Горбаневская қайтыс болды. Чехословакияға совет басқыншылығын айыптап 1968 жылы 25 тамызда Мәскеудің Қызыл алаңына шыққан үшін Наталья Горбаневскаяны совет билігі екі жылдан аса жабық психиатриялық мекемеде қамауда ұстаған. 1975 жылы Францияға эмиграцияға кеткен соң ол бірқатар басылымдарда жұмыс істеді. Биыл тамызда 77 жастағы Наталья Горбаневская 45 жыл бұрынғы оқиғаны еске алу үшін Қызыл алаңға шыққан еді.
28 қарашада Иранның Бушер провинциясында магнитудасы 5,7 баллды құрайтын жер сілкінісі салдарынан жеті адам қаза тауып, кемінде 30 адам зардап шекті. Жер сілкінісінің ошағы Бушер атом электр станциясынан 60 километр қашықтықта орналасқан. Сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан Иранмен шектесетін араб мемлекеттері Бушер АЭС-інің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, күшті жер сілкінісі болған жағдайда одан радиация тарауы мүмкін деп қауіптенеді.
Алматыда «Ел болам десең...» деген атпен студенттер айтысы өтті. Айтыскерлердің көбі қоғамдық мәселелерді сақтана сөз етті. 10 ақын қатысқан айтыста бас жүлдеге Қытайдан келген қазақ ақыны Анаргүл Беделханқызы ие болды. Әу баста бас жүлдеге Алматыдан пәтер берілетіні хабарланған еді. Бірақ қазылар алқасы ол пәтердің кілті «Анаргүл Қазақстанға көшіп келген күні табыс етілетінін» хабарлады.
«Үйсіз-жерсіз жүргендер комитетін» құрған ондаған адам 28 қарашада Алматыда билікке «заң бойынша хақымыз бар 10 сотық жерді берілсін» деп талап айтты. Олар үкіметтің 2006 жылғы арнайы қаулысындағы Қазақстан азаматтарына елді мекендерден үй салуға бір рет тегін 0,1 гектар жер берілуі тиіс деген бапаты алға тартады.
29 қарашада Вильнюсте Еуропалық одақтың «Шығыс ынтымақтастығы» саммитінде Грузия мен Молдова басшылары ЕО-пен ассоциация келісіміне қол қойды.
Бірақ аталаған келісімге қол қойғаннан соң екі мемлекетті Ресей қырына алып, қатаң шаралар қолдануға барады ма деген қауіп те бар. Себебі саммитке бірнеше күн қалғанда Украина президенті Виктор Януковичтің ЕО-пен ассоциация келісіміне қол қоюдан бас тартуын кейбір сарапшылар Кремльдің жүргізген саясатының жемісі деп біледі.
30 қарашада Киевтегі Тәуелсіздік алаңында Еуропа Одағымен ассоциация келісімін жасаудан бас тартқан биліктің шешіміне наразылар шеруін милицияның арнайы жасағы күшпен тарқатты. Куәгерлердің айтуынша, милиция алаңда тұрғандарды резеңке таяқпен сабап, ондаған адам жарақат алған. АҚШ пен Еуроодақ бейбіт жиынға биліктің күш қолдануын айыптады. 1 желтоқсанда билік шешіміне наразылар Киевтегі Михайлов алаңына жиналып, үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Тәуелсіздік алаңын қоршауға алған милиция оған ешкімді өткізбей тұр.