Иеменде қорғаныс министрлігінде жарылыс болды

Жарылыс болған қорғаныс министрлігі аумағынан әуеге түтін көтерілді. Сана, Иемен, 5 желтоқсан 2013 жыл.

Иемен астанасы Санада бүгін қорғаныс министрлігінің аумағында бомба тиеген көлік жарылды деп хабарлайды Reuters агенттігі. Жанкешті ішіне бомба жасырылған көлікті министрліктің қақпасына айдап әкеліп жарған. BBC-дің хабарлауынша, жарылыстан 20 адам мерт болып, 37 адам жараланған.

Оқиға куәгерлері жарылыстан соң атыс болғанын айтқан.

Иемен үкіметі елдің оңтүстігінде "Әл-Қаидамен" байланысы бар исламшыл топтармен күресіп келеді. Иемен бұған қоса 2011 жылы биліктен кетірілген бұрынғы президент Әли Абдалла Салех кезінен қордаланған экономикалық проблемаларды еңсеруге де күш салып жатыр.