Назарбаев үй мен көлік салығы заңын бекітті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. Бұл туралы бүгін президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Заң жобасында көлік, тұрғын үй, темекі және алкогольді өнімдерге (оның ішінде әсері күшті алкогольдік өнімдерге) салық мөлшерін ұлғайту қарастырылған. Құжатта бұдан өзге белгілі бір мерзімге дейін пайдаланылмаған жер телімдеріне салықты көбейту көзделген.

Бұған дейінгі талқылау кезінде кейбір депутаттар заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынған еді. Олар "қозғалтқыш көлемі тек 4 мың текше сантиметрден асатын көлік құралдарына салықты көбейтуді", "2014 жылдың 1 қаңтарына дейін сатып алынған, қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден аспайтын көлік құралдарынан алынатын салық көлемін бұрынғы күйінде қалдыруды қолдайтынын" айтқан.

Әуелгіде экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын көліктердің салығын төрт есе өсіретін заң жобасын ұсынған еді.

Депутаттар бұған қоса үй салығын жаппай көбейтуге де қарсы болып, салықты "үйдің бағасына қарай белгілеу қажет" екенін айтқан.