Киевте "Еуромайдан" белсендісіне үкім шықты

Еуропа одағымен интеграцияны қолдаушылардың шеруі. Киев, 18 желтоқсан 2013 жыл.

Киев соты "Еуромайдан" акциясының белсендісі Олег Матяшты милиция қызметкеріне қауіп төндірді және зорлық көрсетті деген айыппен үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

"Свобода" партиясының жақтасы Олег Матяш 24 қарашада Украина парламенті алдында өткен митинг кезінде ұсталған еді. Сол күні бір топ демонстрант милиция қоршауын бұзып өтпек болып, екі жақ қақтығысып қалған. Милиция дубинка мен көзден жас ағызатын газ, ал демонстранттар жарылғыш пакеттер қолданған.

Кеше 1 желтоқсандағы тәртіпсіздіктерге қатысты ұсталған "Еуромайдан" акциясының тағы бір белсендісі - Олег Панасқа қатысты да сот шешімі шыққан. Үкім оқылатын уақытта наразы жұрт президент әкімшілігіне кіруге әрекеттенген. Сот белсендіге айыппұл салған еді.

Киевте Украинаның Еуропамен интеграциясын қолдаған наразылық акцияларының басталғанына бір айға жуықтап қалды. Демонстранттар биліктің Еуропа Одағымен еркін сауда және саяси ассоциация туралы келісімге қол қоюдан бас тартуына наразылық білдіріп, елде мерзімінен бұрын президент және парламент сайлауын өткізуді талап етеді.