АҚШ Сирияны айыптайтын құжат қабылданбағанына қынжылады

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиыны.

АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сирия үкімет әскерінің әуе шабуылынан бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын айыптайтын бірлескен мәлімдеме қабылдауға келісе алмағанына қынжылыс білдірді. Сирия президенті Башар Асадты жақтайтын Ресей бұл құжатты қолдамаған.

Мәлімдемеде Сирияның Алеппо провинциясында өткен аптаның соңында сириялық авиацияның бомбалауынан жүзден астам адам өлгені, оның көпшілігі балалар екені айтылған.

Ресей мен Қытай бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сириядағы қақтығыстарға қатысты Башар Асадқа қысым көрсетуге бағытталған қарарларына вето қойып келген еді.

БҰҰ дерегі бойынша, Сирияда қақтығыстар басталған 2011 жылдың наурызынан бері 100 мыңнан астам адам қаза тауып, миллиондаған адам босып кеткен.