16 желтоқсанда қазақстандық азаматтық белсенділер 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда және 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен мен Шетпеде болған оқиғалар құрбандарын еске алды.
Астанада қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері және құқыққорғаушылар Қазақстан бас флагштогы орналасқан жерге гүл қойып, оқиғада қаза болған марқұмдарға құран бағыштады.
17 желтоқсанда Алматыда азаматтық белсенділер тобы, билікті қолдайтын партиялар мен қоғамдық ұйым мүшелері және жергілікті әкімдік өкілдері «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл қойды.
1986 жылы 16-17 желтоқсанда Мәскеудің шешімімен келіспей Алматыда алаңға шыққан мыңдаған қазақ жастарының қарсылығы СССР-де «қайта құру» кезеңіндегі ең алғашқы жаппай наразылық акциясы еді. Совет үкіметі жастар шеруін күшпен басып-жаншыды, оған қатысққаны үшін жүзге тарта адам әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды.
17 желтоқсанда Украина президенті Виктор Янукович Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен соң, Ресей Украинаға арзан бағамен газ және 15 миллиард АҚШ долларына дейін қарыз беретінін мәлімдеді.
Украин оппозициясының жетекшілері Виктор Януковичтен бұл келісім қандай шарттармен жасалғаны туралы түбегейлі ақпарат беруді талап етіп, бұл Украинаның Кеден одағына кіру қадамы ма деп сұрады.
Путин мен Янукович кездесу кезінде Украинаның Кеден одағына кіруі туралы сөз болмағанын мәлімдеді.
18 желтоқсанда Алматыда «Жаңаөзен күнделігі» атты деректі фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті. 40 минуттан сәл асатын фильмде 2011 жылғы мұнайшылар ереуілі мен ереуілшілердің соңғы екі жылда қандай ахуалды бастан кешкендері бейнеленген. Жеті айға созылған ереуілдің сипаты, оның ушығуы мен Жаңаөзен алаңында болған қақтығыс пен сот процестері қамтылған.
Желтоқсанның 18-і күні Астанада Қазақстан бас прокуратурасына баспана дауы бойынша арыздануға келген ондаған адамды - «Махаббат» тұрғын үй кешені тұрғындарын полиция ұстады.
2009 жылы бірнеше жүз адам 49 пәтерді жалға алу туралы келісім-шартқа отырып, тұрғын үй кешені иесіне ақша төлеп келген. Бірақ меншік иесі үйді басқа компанияға сатып жіберіп, жаңа қожайын олардан пәтерлерді босатуды талап еткен. Сот тұрғындардың келісім-шарттарын жарамсыз деп тауып, оларды пәтерлерінен шығару туралы шешім қабылдаған.
«Махаббат» тұрғын үй кешені тұрғындары сот шешіміне наразылық танытып, бірнеше рет акция өткізген.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында болған оқиғадан соң 18 желтоқсанда Бішкек пен Душанбе келіссөздер өткізді. Содан бір күн бұрын Баткен облысы Ақсай ауылында Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары өзара шекісіп қалған еді. Оған шекара маңында орналасқан, қырғыз азаматының иелігіндегі құрылыс нысанында шыққан өрт себеп болған.
19 желтоқсанда Лондондағы Apollo театрында спектакль өтіп жатқан кезде шатыр құлап, 80-нен астам адам зардап шекті. Шатыр құлаған сәтте театрда жүздеген адам болған. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің көпшілігі басынан жарақат алған. Жеті адам ауыр жараланған.
20 желтоқсанда Қазақстан бас прокуратурасы 2006 жылы қастандық құрбаны болған оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын «өлтіруге тапсырыс берген» күдікті ретінде Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты атап мәлімдеме жасады.
Саяси кісі өлтіруге айыпты ретінде бұған дейін парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевқа шығарылған үкімнің күшін Жоғарғы сот жартылай жойғаны туралы хабарланды
Астанадағы брифингте сөйлеген Қазақстандағы АҚШ-тың уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей «АҚШ федералдық тергеу бюросы жүргізген тергеу нәтижесі Қазақстан прокуратурасының тергеу қортындысымен сәйкес келеді» деп мәлімдеді.
20 желтоқсанда Алматыда кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыған бір топ адам қайыра жарық көрген "Елбасы сыныптастары" атты кітапты таныстыру кешін өткізді. Оған мектепте президентке сабақ берген, бүгінде жасы тоқсаннан асып кеткен ұстаздар да қатысты. Назарбаевты дәріптейтін кезекті кітапта сыныптастары оның Алматы түбіндегі Қаскелең мен Шамалған ауылындағы мектепте оқыған жылдары туралы жан-жақты баяндаған.
Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиге 2011 жылғы түрмеден қашу оқиғасына қатысты айып тағылды. Бұл іс бойынша айып тағылып отырған тағы 132 адамның арасында «Мұсылман бауырлар» қозғалысы жетекшілері мен ХАМАС және «Хезболла» радикалдық топтарының мүшелері бар.
Бұл биыл шілде айында әскерилер биліктен кетіргеннен бері қамауда отырған Мурсиге тағылып отырған осымен үшінші айып. Бұған дейін оған «елде террорлық актілер жасау үшін шетелдік ұйымдармен астыртын сөз байласты» деген айып тағылған. Одан өзге Мурси «билікте отырған кезде кісі өлтіруге және зорлық-зомбылыққа арандатқан» деген айып тағы бар.
Желтоқсанның басында Қаражал түрмесінен ауыстырылған қамаудағы ақын, диссидент Арон Атабек Қарағанды абақтысына (СИЗО) жеткізілген.
20 желтоқсанда Қарағанды абақтысының бастығы подполковник Владимир Горин Азаттыққа Арон Атабек СИЗО-да «наряд күтіп отырғанын», этаппен одан ары жөнелтілетінін жеткізді. Бұған дейін 18 жылға сотталған Арон Атабекті оның тұрғылықты мекені - Алматы қаласына жақын түрмеге ауыстыруы мүмкін деген хабар тараған еді.
20 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин он жыл бойы түрмеде отырған ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковскийге рақымшылық жариялап, түрмеден босатты. Сол күні Берлинге ұшып келген бұрынғы олигарх ата-анасы және үлкен ұлымен қауышты. Михаил Ходорковский 22 желтоқсанда Берлинде БАҚ өкілдеріне алғашқы баспасөз мәслихатын өткізетіні туралы хабарланды.