Бейрутте қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Бейрутте автокөлікте жарылыс болды. 27 желтоқсан 2013 жыл.

Ливан астанасында белгілі саясаткер Мұхаммед Шаттахты жерлеуге байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Шаттах жұма күні Бейрутте автокөлік жарылысынан опат болған.

Соңғы деректер бойынша, жарылыс салдарынан 7 адам қаза тауып, 50-ге жуық адам зардап шеккен.

Әзірге шабуылды ешкім мойнына алған жоқ. 2005 жылы қастандық құрбаны болған экс-премьер Рафик Хариридің ұлы Саад Харири бұл жарылысқа қатысы бар деп «Хезболла» радикалдық шитттер тобын айыптады. «Хезболла» басшылары бұндай айыптауды жоққа шығарды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен АҚШ Бейруттегі шабуылды айыптады.

Ливанның бұрынғы қаржы министрі және АҚШ-тағы елшісі болған Мұхаммед Шаттах Сирия президенті Башар Асад режимі мен оның одақтасы – Ливандағы «Хезболла» радикалдық шитттер ұйымын бірнеше рет сынаған еді. Сирия билігі Бейруттегі шабуылға өзінің қатысы жоғын мәлімдеді.