Апта бейнелері: 20 - 25 қаңтар

Азат Еуропа/Азаттық радиосы Украин қызметінің екі журналисі - Дмитрий Баркарь мен Игорь Исхаков 20 қаңтарда Киевтің орталығында кәсіби міндеттерін атқарып жүрген кезде соққыға жығылды. Журналистердің айтуынша, милицияның арнайы жасағы оларды ұрып-соққан, бес сағат бойы оларға телефон шалуға және адвокатпен хабарласуға рұқсат бермеген.

Милицияның іс-әрекетінен соңғы аптада Украинада ондаған журналист зардап шекті. "Шекарасыз тілшілер" ұйымының ақпараты бойынша, көпшілігі пиротехникалық гранаталар мен басқа да арнайы құралдарды қолданудан жарақат алған.

20 қаңтарда бұған дейін әлемдік державалар Иранмен жасаған келісім күшіне енді. Натанздағы ядролық нысанда уранды байыту жұмысы тоқтатылғанын Халықаралық атом энергиясы агенттігінің инспекторлары бақылады.

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германиямен былтыр қарашада Женевада жасалған уақытша келісім бойынша, Тегеран уранды байыту бағдарламасын азайтуға, ал халықаралық қауымдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған.

Тегеранға салынған экономикалық санкциялар босаңсыған соң батыс кәсіпкерлері 80 миллион халқы бар, шикізатқа бай Иранда бизнес ашуды ойлай бастады дейді бақылаушылар.

21 қаңтарда Марат Тәжин мемлекеттік хатшы қызметінен босатылды. Бір жылдан сәл астам уақыт істеген осы қызметке дейін Қазақстан президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Қазақстанның сыртқы істер министрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған Тәжиннің нақты не себепті орнынан түсіп, қандай қызметке тағайындалатыны айтылған жоқ.

Жергілікті кейбір сарапшылар Қазақстанда жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке тағайындау және орнынан алу саясатын «патшалық дәуір дәстүріне» теңеп, кадрлік ауыс-түйіс – билік басындағы азғантай топтың «кілем астындағы» ойындарына айналғанын айтады.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне айыпты деп сотталған Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қарап жатқан сотта 22 қаңтарда судья отырысты келесі аптаға қалдырды

Сотқа төрағалық етіп жатқан судья Асқарбек Бейімбетов Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстарының адвокат сот материалымен танысып шығу үшін сотты кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырған.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.

Қаңтардың 22-сі күні Астанада «Благодать» пресвитериан шіркеуі пасторы, «шіркеуге келуші әйелдің денсаулығына гипноз арқылы зардап келтірген» және «экстремизм» бабы бойынша айыпталған Бақытжан Қашқымбаевтың ісі бойынша сот басталды.

67 жастағы пастор сотқа сенбейтінін айтып, сотқа қатысудан бас тартты. Адвокаттың бірнеше өтінішін судья қанағаттандырмады. Бұдан соң сотта үзіліс жарияланып, іле-шала адвокаттың қатысуынсыз шұғыл сот отырысы өткізіліп, сот пастор Қашқымбаевтың ауыр екі айыбын алып тастады.

Швейцарияның Монтре қаласында Сирияға қатысты бейбіт келіссөздердің алғашқы күні ауыр жағдайда өтті. Сирия билігі "президент Башар Асад биліктен кетіп, елде уақытша үкімет құруға мүмкіндік беруі тиіс" деген талапты қабылдамай тастады.

АҚШ пен оппозиция өкілдері "Сирия үкіметі заңды мәртебесінен айырылды және ол биліктен кетуі керек" деп мәлімдеген. Бірақ Сирия делегациясы ол талапты орындамайтынын білдірді.

Сирия сыртқы істер министрі Валид Муаллем "террористер мен шетел үкіметтері елді күйретуге ұмтылып отыр" деп мәлімдеді. Сирия мәселесі бойынша келіссөздер Женевада жалғасып жатыр.

Украинада Еуропа одағымен сауда келісімін жасауды қолдайтындар мен билік арасындағы тірес осы аптада қанды қақтығыстарға ұласты. 22 қаңтарда Киевтегі «Динамо» стадионы жанындағы қақтығыста Днепропетровск қаласынан «Еуромайданға» қатысып жүрген Сергей Нигоян оққа ұшты. Әлдекімдер ұрлап әкеткен «Еуромайдан» белсендісі Юрий Вербицкийдің азаптау іздері бар жансыз денесі Киев түбіндегі орманнан табылды. Билік орындары тағы екі адамның – Беларус азаматы Михаил Жизневский мен ауруханада украиндық Роман Сениктің өлгені туралы ақпарат таратты. 

Қаңтардың 23-і күні Атырауда облыстың бұрынғы әкімі «Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали құрды» делінген айып тағылған бір топ адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот тыңдауы басталды.

Шамамен 800 томнан тұратын істе «қылмыстық топ мүшелері» деген күдікпен айып тағылған 22 адамның арасында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары Болат Дәукеев пен Асқар Әбдіров, Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов бар.

Ағайынды Рысқалиевтердің қайда екендігі белгісіз. Кейбіреулер «олар тірілер қатарында жоқ» деген болжам айтады.

Қаңтардың 23-іне қараған түні Қырғызстанның Қытаймен шекарасында қырғыз шекарашылары мен белгісіз қарулы топ арасында атыс болды.

Қырғыз шекара қызметінің хабарлауынша, қарулы топ Ыстықкөл облысы аумағында орманшыны өлтіріп, қырғыз шекарашыларына оқ атқан. Шекарашылармен атыста күдіктілердің екеуі оққа ұшқан.

23 қаңтарда оқиға болған аумаққа жеткен қырғыз қауіпсіздік күштерінің жасағы жүргізген арнайы операция нәтижесінде 11 адамнан тұратын қарулы топ түгелдей жойылғаны туралы хабарланды

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі оқиғаға байланысты Қытайдың Бішкектегі елшілігінің өкілдерімен жедел кездескен. Бірақ кездесу тақырыбы жайлы көпшілікке айтылмады. 

Рим Папасы Франциск интернетті алуан мәдениеттегі адамдардың тілдесуіне септесетін «құдайдың сыйы» деп атады, бірақ сонымен бірге қолданушылар тек өз көзқарасымен ұштасатын ақпарат пен пікірлерді ғана оқи берсе, ғаламтордың оқшаулануға апарып соғатынын да ескертті. 

Қаңтардың 24-і - Дүниежүзілік әлеуметтік коммуникация күні құрметіне арнаған жолдауында Рим-католик шіркеуінің басшысы қолданушыларды басқа адамдардың идеясына да мұқият назар аударып, олардың ұстанымын түсінуге шақырды.

25 қаңтарда Украина оппозициясы жетекшілерімен кездесуде президент Виктор Янукович «Батькивщина» партиясының басшысы Арсений Яценюкке үкіметті басқаруды, ал «УДАР» партиясының төрағасы Виталий Кличкоға – премьер-министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін ұсынды.

Келіссөздерден кейін Яценюк оппозиция Януковичтің ұсынысын әзірге қабылдамағанын, бірақ кері де қақпайтынын айтып, оппозициялық күштер арасында бұған қатысты «кеңесулер жүріп жатқанын» хабарлады. Виталий Кличко Киевте қолдаушылар алдында сөйлеген сөзінде елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуге тағы да шақырды. Сонымен бірге ол оппозиция өкілдерімен кездесуде Янукович шерушілер қойған талаптардың көпшілігімен, соның ішінде, тұтқындалған демонстранттарды босатуға және Конституцияға жақында енгізілген өзгертулердің күшін жоюға келіскенін айтты.