АІ «Автомайдан» белсендісін ұрлауды айыптады

"Автомайдан" белсендісі Дмитрий Булатов азапталғанын айтып отыр. Киев, 30 қаңтар 2014 жыл.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы украиндық белсенді Дмитрий Булатовты ұрлағандарды айыптады.

Украина билігі белсендіні ұрлау оқиғасына қатысты тергеу ісін дереу бастап, Булатовты ұрлағандарды тауып, жауапқа тартуы тиіс делінген ұйымның мәлімдемесінде.

Киевте 22 қаңтарда жоғалып кетіп, қаңтардың 30-ы күні табылған Украинадағы «Автомайдан» акциясы жетекшілерінің бірі Дмитрий Булатов журналистерге өзін әлдекімдер ұрлап әкетіп, бірнеше күн қамауда ұстап, азаптағанын айтқан еді.

Украинаның әр аймағындағы наразылық акцияларының өкілдері өздерінің іс-қимылдарын үйлестіру мәселесін талқылау үшін бүгін Киевке жиналды.

Украинадағы билікке қарсылық акциялары Янукович 2013 жылы қараша айында Еуропа Одағымен ассоциация келісіміне қол қоюдан бас тартқан соң басталған.

«Еуромайдан» деген атқа ие болған акциялар қаңтардың ортасында парламент бейбіт жиын өткізуді шектейтін заңды мақұлдап, оған Янукович қол қойған соң тіпті күшейген. 28 қаңтарда Украина парламенті – Жоғарғы Рада 16 қаңтарда қабылданған, азаматтық бостандықты шектеген 12 заңның 9-ынан бас тартып, сол күні Украина премьер-министрі Николай Азаров отставкаға кеткен еді.